Хабар телеарнасы

Ақтөбе облысының диқандары дәнді-дақыл алқаптарын азайтуды көздеп отыр

Өткен жылмен салыстырғанда арпа-бидай алқабының ауданы 60 мың гектарға кемиді. Оның орнына шаруалар майлы дақылдар мен төрт түлік азығын өсіруді қолға алмақшы.

Шөбі шүйгін, топырағы тың саналатын Мәртөк ауданындағы бұл шаруа қожалығы биыл 30 мың гектар жерді игеруге ниетті. Былтырғы қуаңшылыққа қарамастан, бидай тұқымын күзде қамбаға салып сақтаған. «Ал арпаны жүгерімен бірге Ресейден сатып алуға мәжбүрміз», – дейді. Түрлі желеуді жыр еткен көршілес мемлекет ақысы төленген 70 тонна арпа тұқымы мен 19 тонна жүгеріні әлі де жолдамапты.

Маратбек Алмұратов, агроном:

- Былтыр құрамында гербицидтары бар глифосаттың литрін 3 600 теңгеден алып едік. Қазір 7 200 теңге болып тұр. Екі есе қымбаттады, бөлшектер де сол 2-2,5 есе қымбаттады. Жаңағы арпа, екінші репродукцияны қазір біз 150 мың теңгеден алып жатырмыз. Ол ең арзаны. Тіпті 350 мың теңгеге дейін ұсынған адамдар болды.

Ресейдің арпа мен бидайды шекарадан асыруға шектеу қоюына байланысты Ақтөбе облысына 400 тонна тұқымның жетпей қалу қаупі туындаған болатын. Бұл мәселе екі ел арасындағы келіссөздер нәтижесінде ішінара шешімін тапты. Шаруалар қазіргі таңда 95% қамтамасыз етілген. Жалпы облыста биыл 722 мың гектар жерге түрлі өсімдік егу жоспарланып отыр. Былтырмен салыстырғанда арпа мен бидай алқабы 60 мың гектарға азаймақ.

Исатай Еспағанбетов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Шаруалармен ақылдаса отырып дәнді дақылдардың үлесін төмендетіп, мал азығын және майлы дақылдарды өсіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда шаруалар тұқымдарын 95%  қамтамассыз етіп отыр.

Облыстың оңтүстік аудандардағы шаруалар дәнді-дақылдан бұрын жоңышқа сияқты мал азығын өсіруге ниетті. Тіпті топырағы құнарлы жерлердің өзі былтырғы қуаңшылық салдарынан әрбір гектарынан 5 центнерден артық өнім бермеген. 47% астық жиналып, көктемгі жоспар тек жартылай орындалды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Биыл бағбандар егін бітік шығуы тиіс деп болжап отыр. Ол үшін табиғат бар жағдайды жасаған. Қалың жауған қардан топырақтағы ылғал бір метрге дейін жетсе, көктемде жер кептіретін жел жоқтың қасы. Сондықтан дер кезінде тұқым сеуіп үлгеру қажет. Өңірдегі диқандардың дені мамыр айының алғашқы күнінен бастап алқапқа шығуды жоспарлап қойған. Оған дейін жол бойында тұралап қалған тұқым да жетеді деп үміттенуде.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков