Хабар телеарнасы

Мақаншы ауылының тұрғындары елді мекенге аудан мәртебесін қайтаруды сұрайды

Қатынас ауырлап, күнкөріске қолайсыз болғандықтан, көпшілік қоныс аударған.

Мақаншы ауылының аудан мәртебесінен айырылғанына 25 жыл өтті. 90-шы жылдардың соңында Үржар, Таскескен және Мақаншы округтары біріктіріліп, Үржар аудан орталығы болып бекітілді. Қазір 80 мың халқы бар аудан Шығыс Қазақстандағы ең ірі елді мекен саналады. Бірақ соңғы уақытта шекаралық ауылдағы жұрттың алшақтап кеткені байқалады.

Эльмира Аққожанова, Мақаншы ауылының тұрғыны:

- Мақаншы аудандық мәртебеден айырылғаннан кейін халық жаппай көшіп жатыр. Біз де жұмыс көзінен айырыламыз. Халық көшіп кеткеннен кейін кімге қызмет жасаймыз? Халық «бос жер жау шақырады» деп айтады. Ондай да қауіп бар.

Кезінде мұнда тіршілік қайнап тұрған. Қазір бес мектептің үшеуі істеп тұр. Ал мектепке дейінгі білім беретін екі мекеме қалды. 25 жыл ішінде қаңырап бос тұрған бірде-бір ғимарат қалпына келтірмеген.

Су құбыры ауылға төрт жыл бұрын тартылды. Бұл мақсатқа қазынадан 2 млрд теңге жұмсалды. Дегенмен абоненттер әлі күнге орталықтандырылған ауызсуға қосылмаған. Жолдардың күйі де сын көтермейді. Құбырларды төсеу кезінде тегістелмеген. Бұған қоса әр жерде қоқыс үйінділері жатыр.

Қуаныш Есенов, Мақаншы ауылының тұрғыны:

- Ешқандай бақылау, қадағаламау себебінен әр адам жағдайына қарай келеді де төгеді. Әрі төгейін десе, жол болмай қалады. Жолымыздың сиқы осы.

Жаңа спорт зал ауылда былтыр бой көтерді. Алайда нысан қолданысқа берілмей келеді. Өз кезегінде соңғы үш жылда шекара бойындағы ауылдарды дамыту бағдарламасы бойынша Мақаншы ауданына 16 млрд теңге бөлініпті.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Тек қана Мақаншы ауылы емес, Алакөлдің жағалауы бар. Біршама жұмыс атқарылды. Соның ішінде 12 мың халқы бар Мақаншыға су құбырын тарту жақын қалды. Келесі айдың аяғында жүйелік су береміз. Бұл жерде республикалық бюджеттен 2 млрд 200 млн теңге қаражат бөлінген. Қазір мердігер жұмыстарын аяқтап жатыр.

Жергілікті билік жолдарды жөндеуге 150 млн теңге бағыттауды  жоспарлайды. Сегіз көше қалпына келтірілмек. Ал қоқыс полигонының тағдыры қалай болатыны беймәлім. Бұл турасында бізге әкімдік тұшымды жауап бера алған жоқ. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы