Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында 100 мың гектар жер игерілмей тұр

Енді оны сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарып, мұқтаж шаруаларға үйлестіру керек. Бірақ бұл жұмысты тежеп отырған бірқатар кедергі бар.

Бүркітті ауылының тұрғыны Ақылбек Қарамурзин 2017 жылы 220 гектар жер алып, арпа егуді бастаған. Енді егістік алқабын одан әрі кеңейтіп, шаруашылығын дамытайын десе, елді мекен маңында бос жатқан жер жоқ. Барлығын құрығы ұзындар бөліп алған. Ең сорақысы, құнарлы жерлер қурап жатыр екен.

Ақылбек Қарамурзинов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Округта жер жоқ. Мұнда «Кент Агро» секілді үлкен шаруашылықтар бар. Олар 13-15 мың гектар жерге дейін алған. Жердің қолданылмай келе жатқанына 5-6 жыл болды. 1000-1500 гектар жер ғана игеріліп, қалған жерлері қолданылмайды, шөп басып жатыр. Біз алайық десек, ол кісілер жерді өткізбейді.  

Қазір Қарқаралы ауданындағы 808 шаруа қожалығының иелігінде 1 миллион 700 мың гектар жер бар. Өкініштісі сол, олардың қаншасы жерді мақсатты пайдаланып отырғанын анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Тексерейін десе, мараторий жарияланған. Оның үстіне біраз жер телімі банктерге кепілге қойылып кетіпті.

Тоқтар Көпжасаров, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:

- Қоянды селолық округіндегі «Жайма» шаруа қожалығында 53 мың гектар жер кепілдікке қойылған. Сол жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ол шаруашылық бүгінгі күні нақты жұмыс істеп тұрған жоқ. Қожалық иесі біздің Қоянды селолық округінде тұрмайды. Ол кісі – Павлодар облысының азаматы. Біз ол кісіге тек пошта арқылы тиісті құжаттарды жіберіп отырмыз. Бірақ ол кісіден бүгінге дейін еш жауап жоқ.  

Енді осындай сырттан келетін қалталылар жерді алып қоймас үшін биыл тиісті заңға өзгеріс енді. Яғни жерге байқау жариялап, жеңімпаздарды анықтайтан кезде жергілікті жұртқа басымдық беріледі. Көктас ауылындағы Нұрбол Латипов жаңа заңның жемісін көріп отыр. 

Нұрбол Латипов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Малдың басы өсіп жатқаннан кейін конкурсқа түсіп, заңды түрде жер бөліміне құжаттарымызды тапсырып, малдың мөлшеріне қарай 3250 гектар жер берді. Көлдің жағасында, сол жерде қазір мал ұстап жатырмыз.

Жалпы жыл басынан бері аудандағы 97 мың гектар жерге байқау жарияланып, оны жергілікті 56 шаруа қожалығы жеңіп алған екен. Ал тоғыз шаруашылық иесі игермей жатқан жерлерін мемлекет меншігіне қайтарған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев