Хабар телеарнасы

«АрселорМиттал Теміртау» өз тапсырысындағы қазақстандық үлесті 71% жеткізді

Яғни олар небәрі бір жылда отандық кәсіпорындардан 524,8 млрд теңгенің өнімін сатып алған. Компанияның биылғы жоспары қандай? Ол жайында қазақстандық тауар өндірушілердің қатысуымен өткен форумда кеңінен талқыланды.

Елішілік құндылықты арттыру бағдарламасын іске асыруда көш бастап тұрған компаниялардың бірі – «АрселорМиттал Теміртау». Олар отандық кәсіпорындардан сатып алатын тауарлар мен қызмет түрлерінің тізімін жыл сайын арттырып келеді. Мәселен, тек былтыр ғана 500 млрд теңгенің өніміне тапсырыс берген.

Әлішер Әбенов, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атқарушы директоры:

- Бұл форум Мемлекет басшысының елшілік құндылықтарды құру және шағын қалаларды қолдау керек деген тапсырмасы аясында ұйымдастырылып отыр. 5 наурыз күні өткен жиында біз Премьер-Министрге компанияның 2021 жылғы жұмысы туралы есеп бердік. Сол кезде Үкімет басшысы қазақстандық үлесті арттыруға басымдық беру керек екенін қадап айтты.

Компанияның елішілік құндылықтарды арттыру стратегиясы алдағы 5-10 жылға жоспарланған. Жұмыс жеті бағыт бойынша жүзеге асады. Соның бірі – тапсырысты ұлғайту, жеңілдетілген несие беру үшін бірқатар банкті тарту.       

Әлішер Әбенов, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атқарушы директоры:

- Қазір шағын кәсіпорын иелеріне өндірісті дамытуға үлкен мүмкіндік туып тұр. Ірі компаниялардың сұранысына сай сапалы өнім шығарып, отандық нарықты жаулайды деп сенеміз. Біз алуға дайынбыз. Келесі жоспар – білікті мамандарды даярлау. Қазір бұл бағытта да жұмыс істеп жатырмыз.

Компания биыл өз тапсырысындағы қазақстандық үлесті 73% жеткізуді жоспарлап отыр. Бірқатар жаңа жоба жүзеге асады. Оған тек отандық тауарөндірушілер тартылады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев