Хабар телеарнасы

Қызылжармалықтар 33 жылдан бері асфальтты армандап жүр

Әбдіхалық Сайлыбаев көшесінде 33 жылдан бергі тұрғындар ауылда асфальт болған емес. «Ең болмаса, биыл көшемізге тиесілі малтатасты мердігер сапалы төсеп берсін», - деп отыр. Тұрғындардың шағымын тыңдаған тілшіміз тақырыпты тарқатады.

Ми батпақ. Үлкен-кіші лай кешіп жүр. Талай жыл осындай қиындықты көрген тұрғындар бірер күн бұрын көшеге ауыр техникалар келіп құм, тас төге бастағанда қуанған. Алайда бұл қуанышы су сепкендей басылыпты. «Өйткені мердігердің жұмысында мін көп», - дейді тұрғындар.

Дариға Шәйдәзімова, ауыл тұрғыны:

- Мынадай жолдың бізге керегі жоқ. Астынан 12 см құм салынады, одан кейін тас төгіледі деген әңгіменің бәрі өтірік болып шықты. Сол себепті бүгін тағы жиналып жатырмыз. Бізге тиісті құмын, тасын салсын, дұрыстап жөндеп берсін.

Жол жөндеу жұмысы 2-3 күн бұрын ғана басталған. Алайда тұрғындардың өре түрегелуіне себеп те жоқ емес. Бұл көшеге осыдан 7 жыл бұрын дәл осылай малтатас қана төселіпті. Алайда бір жыл өтпей-ақ баяғы жолдың жыры қайта басталған.

Ұлан Сәтбай, ауыл тұрғыны:

- 2015 жылы осындай құмды төгіп, ГПС па, тас па соны салып кеткен. Соны көзімізбен көрдік. Бір жылдан кейін тасы жердің астына кетіп қалды. Содан күнде балшық. Балалар, қарт кісілер тайып құлап жатады.

Кеше ғана төселген тастың астынан шығып жатқан мынадай қоқыстар тұрғындарды алаңдатып отыр. Ауылдықтар жол жөндеушілердің бұл әрекеті күмәнді ойларға жетелейтінін де ашық айтты.

Жақсылық Жақыпов, ауыл тұрғыны:

- Басқа жақтан экономдап жатыр ма немесе ақшаны жеп жатыр ма? Құдай біледі ғой оны. Мына жақтан мусорды әкеліп біздің көшеге төгіп тастайды. Ал біз осы мусордың үстімен тағы жүреміз енді. Ертең жаңбыр жауса мына көшемен мүлдем жүре алмайсың.

Тұрғындардың шағымын тыңдауға ауыл әкімі мен мердігер мекеменің басшысы да келді. Жобада міндеттелген жұмыстың жай-жапсарын түсіндіруге тырысты.

Нұрсұлтан Тәттібаев, мердігер мекеменің директоры:

- Астына топыраққа 220 куб берген Сайлыбаевқа. Сосын грабикасы 300 кубпен есептелген. Біз оны нақтылап 450 метрге 15 см келіп тұр. Біз жақтан сметасымен сәйкес келсе болды. Біз басқа не істейміз енді. Сәйкес болмайынша қабылданбайды жұмыс.

Медет Сейілов, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі:

- Осы тас төсеу жұмыстарын жоба сметалық құжаттарында жасалғандағыдай толық көлемде ақтап шығады. Лаборатория жүреді, толық сәйкес келгенде ғана қабылдау жұмыстарын жүргізеді. Ал сәйкес келмесе ешқандай қабылдау жұмыстары жүргізілмейді. Жұмыстың жалпы күні 45 күн келісімшарттың мерзімі, әлі уақыты бар.

Бұған дейінгі  сапасыз жөнделген жолдан аузы күйген тұрғындар енді бұл құрылысты бастан аяқ бақылау үшін білек түре кіріспек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Әлхайдар Тұрлыханов