Хабар телеарнасы

Лай су ішіп отырған Қырғауылды тұрғындарының мәселесін жергілікті билік қолға алды

Біздің арнамыздан көрсетілген сол сюжеттен кейін облыс басшылары бірден бұл мәселені қолға алып, халыққа таза су жеткізу жөнінде тиісті мекемелерге тапсырма беріпті.

Жауапты қызметкерлер Қырғауылды тұрғындарымен кездесу өткізді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Қырғауылдыда су мәселесі әлі де талқыланып жатыр. Талдықорғаннан арнайы осы саланың мамандары және жергілікті әкімшілік басшылары халықпен жүздесіп, су мәселесін ақылдасуда. Яғни түбегейлі шешіп тастамаса да, уақытша болсын осы Қырғауылды ауылының тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге әкімшілік басшылары уәде беріп отыр.

Қырғауылды тұрғындары 2016 жылы жеке кәсіпкер Ержан Темірбаевпен келісімшартқа отырған. Әуелі тіршілік нәрі талапқа сай су шығарғыш арқылы беріліп келген. Бірақ 2020 жылы ұңғыманың суы тартылып қалады. Кәсіпкер ешкімге айтпастан 200-ден астам үйге арықтағы суды бере бастайды.   

Айдын Әуесбай, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары:

- Жақын жерде орналасқан BeyAzh Trans мекемесінің суы бар. Соған  уақытша график бойынша аптасына үш рет қоспақшымыз. Одан басқа бұл кісілірге басқа жақтан да су қарастырамыз.

Ержан Темірбаев қазір де бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірақ су шыға ма, шықпай ма, әзірге белгісіз. Мәселе шешілгенше Қырғауылды ауылының тұрғындарын BeyAzh Trans мекемесі уақытша таза сумен қамтамасыз етуге келісім беріп отыр. 

Дәуіржан Сереханов, мекеме жетекшісі:

- ЖК Темірбаевтың су жүйелеріне жақын жерде өзіміздің құбырымыз бар. Ақсай су шатқалынан келіп жатқан таудың суы бар. Сол жүйеге ары кетсе 2-3 күнде қосып бере аламыз. Бірақ барлық ЖК Темірбаевтың су жүйесін тексеруге тағы 2-3 күн кетеді.

Қосымша құбыр жүргізу және оны жалғау, сондай-ақ кететін шығынды мекеме басшылары өзара шешетін болды. Ал халықтың ақшасын жиып алған жеке кәсіпкер Ержан Темірбаевтың өзі бүгінгі жиынға қатыспады. Ауруханада жатыр екен. Халықпен кездесуге тағы да баласы келді. Жергілікті тұрғындар егер Ержан Темірбаев жуық арада су шығара алмаса, төлеген ақшамызды қайтарып берсін, болмаса сотқа жүгінеміз деп отыр.

Мирхат Салимов, ауыл тұрғыны:

- Таза су деп жүгіріп жүргенімізге талай жыл болып еді, сіздер араласқан соң мәселеміз оң шешімін тауып жатыр. Әрине, әлі толықтай шешіле қойған жоқ. Бізге болашақта да ауызсу үздіксіз қажет. Сол үшін қыруар ақша төледік. Жеке кәсіпкер берген уәдесінде тұрып, су шығарады деген үміттеміз.

Тіршілік нәрі болмаса, тірлік жасау қиын екені түсінікті. Таза су келеді дегенді естіген Қырғауылды халқы бір желпініп қалды.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев