21:00Эфирде: Тұсаукесер! "Көзімді жұмсам да..."
23:00Әрі қарай: Телесериал. "Вторая жизнь Евы"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Арқалық құс фабрикасы тығырыққа тіреліп отыр

  • Категория: Қоғам
Арқалық құс фабрикасы тығырыққа тіреліп отыр

Соңғы екі жылдың ішінде еліміздегі төрт құс фабрикасы банкротқа ұшырады. Негізгі себеп – жем азығының тым қымбаттап кеткені және Ресейге жұмыртқа экспортының тоқтауы.

Осыған байланысты қалған құс фабрикалары да қазір қалт-құлт тірлік кешіп отыр. Оның үстіне салаға бөлініп келген субсидияның қысқартылуы жығылғанға жұдырық болды.

Екі жыл бұрынғы құс тұмауынан енді ес жия бастаған Арқалық құс фабрикасы тағы тығырыққа тіреліп отыр. Жем бағасы 50% дейін қымбаттаған. Ресейден жеткізілетін түрлі қоспа азықтардың да құны шарықтап кетті. Қазір мұнда күніне 470 мың жұмыртқа шығарылады. «Оны өткізу нарығы да тарылып барады», – дейді фабрика басшысы.

Жәмила Ысмайылова, құс фабрикасының бас директоры:

- Біз Ресей мен Ауғанстанға экспортқа шығарып жүргенбіз. Ол қазір тоқтап тұр. Субсидия берілмесе, онда жұмысшылардың санын қысқартуға тура келеді, тауықтардың да санын азайту керек болады.

Отандық құс фабрикалары елімізді жұмыртқамен толық қамтамасыз етеді. Артылғанын сыртқа сатып келді. Тек соңғы бір-екі жылда тіпті ішкі нарықта оларды ресейлік өндірушілер ығыстыра бастады. «Оған себеп – әділетсіз бәсекелестік», – дейді мамандар. Көрші ел былтыр үй тауықтарынан ауру шықты деген сылтаумен біздің жұмыртқаны өздеріне өткізбей қойды. Солай болғанның өзінде Еуразиялық экономикалық одақ келісіміне сай, ондай шектеу әрі кеткенде үш айға созылуы тиіс еді. Ал олар әлі күнге біздің өнімге шекарасын ашқысы жоқ.   

Максим Божко, Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының  президенті:

- Мәселе мынада, ресейліктер жаз мезігілі жұмыртқаға сұраныс азайғанда өзіндік құнынан төмен бағамен Қазақстанға әкеліп өткізеді. Көбіне жасырын жолдармен жеткізеді. Яғни салық төлемейді, сапасы да күмәнді. Ал біздің өнімге көрші елге жол жабық. Осы жағдайды ауыл шаруашылығы министрлігіне, ветеринарлық бақылау комитетіне қанша айттық, бірақ әзірге еш нәтиже жоқ.

Максим Божконың айтуынша, Ресей, Беларусьта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау бізден 2-3 есе көп. Сол себепті олар күш алып барады дейді. Ал қазақстандық жұмыртқа өндірушілер керісінше осы жыл басында субсидиядан қағылды. Бірақ жақында демеу қаржыны қайтаруға тиісті деп отыр. Одан бөлек еліміздің төрт облысына салынған Ресейге экспорттық шектеуді алып тастайтын болды. 

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Жұмыс жүргізіліп жатыр. Таяуда бір облыс экспорт тыйымынан босатылды. Қалған өңірлерді де қарастырып жатырмыз. Жақын арада оларға салынған шектеуді де алып тастаймыз деген сенім бар.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Осы брифинг барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері тіпті экспорттық шектеу нақты қай күні алынатынын жария етті. «Сәуірдің 11-інен үш облыс карантиндік тыйымдардан босатылады» деді. Яғни көрші елге экспортқа жол ашылады. Ал жем азығына қатысты азық-түлік корпорациясымен жасалған меморандумға сәйкес, тікелей құс фабрикаларына жемнің тоннасы 115-117 теңгеден берілетін болды. Мұндай қолдау отандық өндіріс орындарына дем берері хақ. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Әлия Қожағалиева, Сәбина Балашкина, Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ...