Хабар телеарнасы

Маңғыстаулық тұрғындар жолдың ойылған бөлігін өздері жөндеп алды

«Алайда жүк көліктері жиі жүретіндіктен ой-шұңқырлы жері, жыл асқан сайын көбейіп барады. Соның салдарынан жол апаты жиі болады», – дейді қызылтөбеліктер. Аудан әкімдігі осы жол толық жөнделіп, төрт жолаққа кеңейтіледі деп айтқан. Ал оның қашан басталарын күтуден шаршаған тұрғындар қаржы жинап, мәселені көпшілік болып шешіп алыпты.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Ауыл азаматтарының ақша жинап, арнайы көлік жалдап, жамап-жасқап алған жолы осы. Айтуларынша, былтыр дәл осы аумақта жөндеу жұмыстары жасалған. Алайда сапасыз болуынан жолдың кейбір бөлігі ойылып қалған.

3 шақырымдық жол Қызылтөбе, Дәулет, Маңғыстау ауылдарының арасымен өтеді. Барлығы да халық тығыз қоныстанған елді мекендер. Сәйкесінше, осы аумақта көлік ағыны күндіз-түні толастамайды. Қайта-қайта жөнделсе де, асфальт ойылып қалады. Әсіресе кешкі мезгілде жол апаты жиі бола берген соң, көпшілік ақылдаса келе сервистік мекеме қызметін жалға алуды шешкен.

Талғат Төлегенов, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

- Қызылтөбе, ЦУ-900 бен Водниктің жігіттері қосылып, бір мекемені тауып мына асфальтты жасаттық. Өз қалтамыздан ақша жинап шығардық. Әркім әртүрлі, біреу 2000, енді бірі 5000 берді. 2 күнде қаражат жиналды. 280 мыңға істелді.

Трассаның сызат түсіп, ойылған жерлерін бастан-аяқ жөндеуге миллиондаған қаржы керектігі белгілі. Сондықтан ауыл азаматтары азғантай ақшасын ұзындығы 8 және 6,5 метрлік екі бөлігінің асфальтін күретіп, қайта төсеуге жұмсапты. Аудан билігі бұл мәселеден хабардар. Әкімдердің есеп беру кездесуінде тұрғындарға сан рет берген уәдені орындау үшін биыл жоба жасақтап, мемлекеттік сараптамаға жіберіп те қойған.

Бейсенғали Кенжеалиев, Мұнайлы ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:

- Былтыр да осы жолда шұңқырлар жамалған. Бірақ сапасыз болды ма, шұңқырлар қайтадан пайда бола бастады. Мемлекеттік сатып алу конкурстарын аяқтауға жақындап қалдық. Сәуір айында мердігер мекемені анықтағаннан кейін сол жолдарды жасаймыз деп отырғанбыз. Бірақ енді тұрғындар сол жолды жамау үшін жинадық, басқа шаруаға пайдалана алмаймыз деген соң, қауіпсіздік белгілерін қойып, қолдау көрсеттік.

Жалпы Мұнайлы тұрғындарының трассалардың бүлінген жерін өз бетімен жөндеуі бірінші рет емес. Бұған дейін Атамекен ауылында бір топ азамат көше жолын қалпына келтіріп алды. Ал әкімдікке келсек, мердігер мекемелермен 21 млн теңгеге келісімшарт жасақтап жатыр. Бұл қаржы келер айдан бастап аудандық маңыздағы 91 шақырым жолдың кем-кетігін түзетуге жұмсала бастайды деп айтылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев