Хабар телеарнасы

Алматы іргесіндегі Қотырбұлақ өзені «қоқысбұлаққа» айналды

Ең сорақысы сол, қоғамдық монша салған кәсіпкерлер моншадан шыққан жуынды суды өзенге ағызып отырған.

Алмас Садуақас, тілші:

- Қотырбұлақ өзені Тұздыбастау мен Бесағаш  ауылдарының дәл ортасында ағып жатыр. Өзеннің қос жағалауындағы жағдай жабырқаулы. Айнала күл-қоқысқа толы. Тіпті суда ит-мысықтың өлексесі де жатады.

Өзеннің осы мүшкіл халіне қарап, табиғатқа ешкімнің жаны ашымай ма дерсің. Жергілікті тұрғындар әкімдік арнайы мәжбүрлеп сенбілікке шығармаса, өз беттерінше өзен суын қоқыстан тазалауға құлықсыз. Қос ауылдың ортасымен өтетін өзенде не жоқ?! Ескі дөңгелек, шыны-әйнек, бөтелке құтылары мен малдың жүн-терісі де жатыр. Мұны нағыз «экологиялық апат» деуге болады. Сонда өзеннің тазалығына кім жауапты?

Алмат Айтмолдин, ауыл тұрғыны:

- Әкімшілік деп ойлаймын. Басқа кім тазалайды? Сенбілікке халықты шығарып тұрады. Арасында тазалап тұрамыз.

Салауат Нұрсейітов, ауыл тұрғыны:

- Қотырбұлақ берекелі су арнасы еді ғой. Енді «өзен» деп айтуға келмейді. Қазір арық сияқты болып қалды. Тобықтан аспайды.

Бесағаштағы санитарлық тазалау айлығы екі жеті бұрын басталған. Сол кезде өзен арнасынан 400 қап қоқыс шығарылыпты. «Егер адамдардың мәдениеті жоғары болса, табиғат дәл осылай ластанбайды ғой», – дейді ауыл  әкімі.

Ернар Жүнісов, Бесағаш ауылдық округінің әкімі:

- Жолшыбай қоқыс тастайды. Оның бәрі ағып, бізге келеді. Бүгінгі таңда 3 шақырымнан астам Алатау тасжолынан бері қарай Қотырбұлақ өзенін тазалап келдік. Міне, мына көпірге дейін жеттік. Енді алдағы сенбілікте қолға алып, жұмыс істейміз.

Бесағашта аумағы атшаптырым жерді алып жатқан демалыс кешені бар. Кешенде бірнеше монша орналасқан. Олар орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Иесі моншаның жуынды суы жиналатын құдық толып қалғандықтан, лас суды өзенге ағызады. Сөйтіп санитарлық талапты бұзып қана қоймай, табиғатқа опасыздық жасайды. Оның бұл әрекеті әшкере болып, көршілер әкімдікке арызданады. Ауыл әкімдігі жағдайды Санитарлық-эпидемологиялық қызмет пен облыстық Экология департаментіне хабарлайды.

Дәулет Дербес, кәсіпкер:

- Біз бұл нысанды жақында ғана жалға алғандықтан, осындай мәселенін бар екенін білген жоқпыз. Құбыр моншадан шығып жатыр деп ойламадық. Бірақ тексерістен кейін ол бізге тиесілі болып шықты. Бұған дейін айына екі рет 25 текше метр жуынды су сорып алатынбыз. Құбыр ауызын бекіттік.

Осы оқиғаға қатысты Алматы облыстық Экология департаменті кәсіпкерге айыппұл салды. Алайда кәсібін уақытша тоқтату жөнінде қатаң шара қолданылмай отыр. Жалпы Алматының жанындағы қай өзенді алсаңыз да санитарлық жағдайы бір-біріне ұқсас келеді. Тұрғындар қоқыс тастау әдетінен арылмайынша өзен-су тазарып, қоршаған орта жақсармайтыны анық.

Авторлары: А. Садуақас, Н. Жақсыбаев