Хабар телеарнасы

Тыңайтқыш бағасы шарықтап кетті

Одан бөлек мемлекет тарапынан берілетін жанар-жағармайдың уақытылы жеткізілмей отырғанын айтып шағымданды.

Жетісай ауданына қарасты Үтіртөбе ауылында 200-дей шаруа қожалығы бар. Олардың дені ерте пісетін қырыққабат, картоп, пияз, қауын-қарбыз егеді. Қазір шаруаларға тыңайтқыш пен жанар май сатып алу қиынға соғып тұр. Ал ағын судың бағасы текше метріне 300-ден 500 теңгеге бір-ақ көтерілген.  

Рақмет Қожаберген, шаруа:

Селитра берейін десем, қалтам көтермейді. Өзбекстаннан келетін селитра 360 теңге болып кетті. Ал өзіміздің Қазақстанның селитрасы келісі 280 теңге болып жатыр. Селитраны тамызда береді, ол кезде берген селитраны қайтеміз? Келесі жылға сақтай алмаймыз, қатып қалады.

Батырбек Бекмұратов, Үтіртөбе ауылының тұрғыны:                                                                                                                                                                                      -Жеңілдетілген жанармай жоқ қой, барлығын нарықтағы бағамен алып жатырмыз. Екінші кезекте қауын-қарбыз егіледі, одан кейін мақта егіледі. Соның бәрінің тыңайтқышы, жанар-жағармайы бізге уақытында келсе деп отырмыз.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов жанармай жеткізуде мәселе жоқ екенін алға тартты. «Литрі 195 теңгеден сатылып жатыр» деді. Ал тыңайтқыш мәселесін ауыл шаруашылығы министрілгі зерделеп жатқанын жеткізді.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- 1 қаңтардан бастап минералды тыңайтқыштың тоннасы 73 мың теңгеден 199 мың теңгеге дейін көтерілді. Баға екі жарым есеге көтерілді. Біз осы мәселені қайта-қайта көтерудің нәтижесінде 200 мың теңгеден 160 мың теңге дейін түсірдік. Қазіргі таңда субсидияны төлеу нормативі Әділет министрлігінде тіркеуде тұр. Ол 1-2 күнде шығады. Бекітіліп шыққан соң, субсидия төлеуді бастаймыз.

Айта кетейік, Үкіметтің Түркістан облысындағы ерте пісетін көкөністерді жеткізу үшін алдын ала шарт жасау туралы тапсырмасына орай еліміздің тоғыз өңірі келісімшарт жасасқан. Әрі ерте пісетін қырыққабатты жеткізуге қаражат бөліп отыр. Енді өңір шаруалары қырыққабатты қайда өткіземін деп бас ауыртпайтын болады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш