Хабар телеарнасы

ШҚО-дағы Шемонаиха аудандық ауруханасында балалар бөлімі жоқ

Медициналық нысан ескіріп тұр, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұдан бөлек, мұнда балалар бөлімі жоқ.

Сәбиінің ауруына шипа іздеген аналар үлкендермен бір қабатты бөлісуге мәжбүр. Ауруханадағы науқастар арнамызға осылай деп шағымын жеткізді.

Наталья Щукина ауруханаға 4 айлық ұлымен түскен. Енді қайта шығуға асық. Айтуынша, жатып емделуге жағдай жасалмаған. Палаталарда ыстық су жоқ, баланы шомылдыру үшін ас үйге апаруға мәжбүр. Дәрі де жетіспейді. Өз қаражатына сатып алған.

Наталья Щукина, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Мұнда бізбен бірге коронавируспен ауырған науқастар да емделуде. Сәбилер инфекцияны тез жұқтыратынын білесіз ғой. Баламның денсаулығы үшін қатты алаңдаймын. Бізге жазып берген дәрілері ауруханада жоқ. Өз қаражатыма алдым. Тіпті балаға беретін дәрумендер де жоқ. Осыдан кейін отандық медицинаға қалай сенеміз?

Қала тұрғындарының айтуынша ауруханаға шұғыл түрде күрделі жөндеу қажет.

Любовь Сухорукова, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Мен аурухананың жансақтау бөлімінде жаттым. Шынын айтқанда, ғимарат ескіріп тұр, жазда ғимаратта ауа жоқ. 

Людмила Верекина, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Мен ауруханада болғанда дәрі түгілі, қарапайым қызу өлшеуіш те болған жоқ. Өз қаражатыма алдым. Айтуға ұят. 

Аурухана басшылығының мәселеден хабары бар. «Балалар бөлімінің болмауы ғимараттың тарлығынан», – дейді. Екі жыл бұрын мұнда коронавируспен ауыратын науқастарға арналған бөлім ашылыпты. Сондықтан жүктеме екі есе көбейген. Ал былтырдан бері дәрігерлік амбулаторияның шатырынан су кетіп, апатты деп танылғандықтан, бес мың адамды қарайтын емхананы осы ауруханаға қосқан.

Зарина Сүлейменова, бастапқы медициналық көмек беру бөлімінің меңгерушісі:

- Коронавирусқа байланысты ауруханадан бөлім ашуға тура келді. Ол үшін арнайы орын қарастырылмағандықтан, осы ғимаратта ашылды. Қазір балаларды да емдеуге болатындай екі палата қалдырып, кереуеттер қойдық. Бәрі уақытша жасалып отыр. Жалпы аурухана 120 төсек орынға арналған. 

Бүгінде аурухананың қабылдау бөлімін қайта жөндеу, желдету жүйесін жасау, ғимарат аумағын қоршау мәселесі қаралып жатыр. Алдағы уақытта денсаулық сақтау басқармасы бюджет комиссиясына өтінім жолдайды. Бұл мақсатқа 630 млн теңге қаражат бөлу жоспарланған. Ал балалар бөлімін науқастар ұзақ күтпек, себебі әзірге оны ашу жоспарда жоқ.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов