Хабар телеарнасы

Қостанайлық шаруа жайылымдық жер тапшылығынан 400 малын союға мәжбүр болған

Қостанай облысында мың гектарға жуық жайылым жетіспейді екен.

Елді мекендер маңындағы алқаптар оңды-солды жекеге таратылып, тың жерлерге есепсіз түрен салынуы осындай тапшылыққа алып келді. Кейбіреулер үлкен аумақты не өзі игермей, не өзгеге қимай, уысында ұстап отыр.

Қостанай ауданына қарасты Жақсылық ауылының тұрғыны Ертай Жәлеловтың бұрын 800-дей қойы болған. Алдыңғы жылы соның жартысын амалсыз сойып, етке өткізіпті. Енді қалған малды қалай сақтап қалам деп жанұшырып жүр. Өйткені ауыл маңындағы жерді меншіктеп алған серіктестік жайылым мен шабындықты тарылтып тастаған.  

Ертай Жәлелов, Жақсылық ауылының тұрғыны:

- Мал жаятын, шөп шабатын жер жоқ. Жер бар, 4 мың гектар тұр, бірақ шапқызбайды. Ол – «Жақсылық-2011» ЖШС дегеннің жері. Барлығы солардың аумағында. «Онда мал айдамаңдар, бұл менің жерім» дейді.

Ертайдың айтуынша, 4 мың гектар жайылымдық жер 10 жылдан астам уақыт игерілмей жатыр. Иесі не мал жаймайды, не шөп шаппайды, басқаларды да жолатпайды. «Қажет болса, сатып алыңдар», – дейтін көрінеді. Ертай құзырлы органдарға шағымданған екен, еш нәтиже шықпапты. Айсары ауылында өткен аудан әкімінің есеп беру жиынында да бұл мәселе көтерілген.

Бұл жағдайдан аудан әкімі хабардар. Жалпы Қостанай ауданы бойынша 129 мың гектар жайылымдық жер жетіспейді екен. Кейбір шаруашылық жетекшілері түсіністік танытып, жекенің малына жер бөліп берсе, енді бірі келісімге келгісі жоқ. «Ондайларға қандай да бір шара қолдануға шағын және орта бизнесті тексеруге мораториий жариялануы қол байлап отыр», - дейді.  

Жансұлтан Таукенов, Қостанай ауданының әкімі:

- Елді мекендегі мәселені мен де білем. 4 мыңдай жерді жаңағыдай не халыққа бермейді, не өзі өңдемейді. Бүгінгі таңда сол жерді сіздерге, не басқа біреуге сатқысы келеді. Банкке қойып, несие алып, кейін қайтармай, мәңгі бақи сол жерлер көп жыл банктің кепілдігінде тұрғанын қалайды. Біз оған жол бермейміз.

Аудан әкімі осы жыл ішінде игерусіз жатқан жерлердің тізімін жасап, оларды заң аясында мемлекеттік меншікке қайтаруға бар күш-пәрменін салатынын айтты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг