Хабар телеарнасы

Тайтөбеліктер жайылымдық жерге жарымай отыр

Заңға сай төрт түлігі бар, жеке кәсіпкерлік құрған, техникасы түгел. Тіпті бизнес жоспары да жасалған. Байқауға тапсырған құжаттары кейде жоғалып кетсе, енді бірде комиссия мақұлдауынан белгісіз жағдайда өтпей қалады. Бұған тікелей жауапты аудан әкімінің орынбасары мен әкім мәселені келесі апта шешеміз деумен уақыт созып жүр. 

Қыз баласы болса да Жазира осыдан 4-5 жыл бұрын ата кәсіп мал шаруашылығын игеруге бел буыпты. Ынта-жігер, тынымсыз еңбектің нәтижесі – төрт түлігі қазір қорасына сыймай тұр. Мұны ол алдын ала білген. Сол мақсатпен Целиноград ауданының әкімдігіне жер беру туралы өтініш жасаған. Бірақ жыл сайын байқаудан өтпей қалады. 

Жазира Таңатарова, Тайтөбе ауылының тұрғыны:

- Керек құжаттың бәрін тапсырдық. Бірде: «Құжатыңыз жетпейді», - дейді. Кейде тіпті жауабы келмейді. «Балыңыз жетпейді», - деп бізді байқауларға мүлдем қатыстырмайды.

Алғашқы жылдары солай болған делік. Ал одан кейінгі байқаулардан неге өтпеді? 

Нұрболат Аманжолов, жер қатынастары бөлімінің бас маманы:

- Жеңімпазды комиссия мүшелері анықтайды. Төрағасы – аудан әкімінің орынбасары. Жерді қазіргі қолдастағы заңға сәйкес тек конкурс арқылы ғана береміз. 

Кейіпкеріміздің тұрғылықты жері – Ақмола облысындағы Тайтөбе ауылы. Бірақ мұнда малын еркін баға алмайды. Мың гектарға жуық жайылым осындағы СПК-ның атына тіркелген. Оның құрамына кейіпкерімізді қабылдамайды.

Малың көп деп бетіне басатын көрінеді. Онысын ресми жауабында 70 бастан аспасын деп ұсыныс сипатында жазып көрсеткен. Әкімдік өкілдері бұл жайттан тіпті хабарсыз сияқты.

Бұл мәселенің өрбуі де ерекше. Жергілікті билік алғашқы жылдары: «Сенің малың аз», - деп жер бермепті. Енді: «Малың көп, бізде бос жер жоқ», - дейді. Бірақ 18 наурызда, яғни осыдан 11 күн бұрын Облыс әкімімен өткен онлайн кездесуде аудан әкімі: «Мәселе шешіліп тұр, бәрі бір аптада реттеледі», - деп жауап қатқан екен.

Кейіпкеріміз малды не үшін өсіріп жатыр дегенге келсек. Бәрі – күнкөрістің қамы. Бұдан басқа жұмыс істей де алмайды. Жалпы Тайтөбе ауылында бос тұрған жұмыс орныда жоқ.

Жазира Таңатарова, Тайтөбе ауылының тұрғыны:

- Сүт, қаймақ өнімдерін сатумен айналысамын. Оны дамыту үшін жер керек болып тұр. Қымызбен де айналысамын.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Техникасыз тірлік өнбейді. Кейіпкеріміз оны да ескеріп, су жаңа трактор алыпты. Малдың астын тазалау, шөбін тасу секілді барлық шаруасын атқаруға жарап тұр. Одан қалды сиыр сауып, қаймақ алу, май шайқау үшін арнайы сауын аппараттарында алған. Яғни іске шындап кіріскендігінің дәлелі.  

Қазір жалтаңдап болса да біреудің атындағы жайылымды пайдаланып жатқан жайы бар. Шабындығы болмағандықтан, шөпті молынан сатып алуға қаражаты тағы жетпейді. Малды наубайхана мен тұрғындар берген қатқан нанмен асырауға мәжбүр. Бірақ оның өзі үнемі бола беремейді. Қалай болғанда да бұл мәселені бізде өз назарымызда ұстаймыз. 

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов