Хабар телеарнасы

Алқабилер соты араласатын істердің ауқымы кеңейеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алқабилер соты қарайтын істерді ұлғайту туралы ұсыныс жасаған болатын. Олар аса ауыр қылмыстарға байланысты да үкім шығара алады. Қарапайым тұрғындардың алқабилер құрамында сотқа қатысуын құқыққорғаушылар да құптап отыр. «Мемлекет басшысы ұсынған реформалар қоғамды демократияландырып, сот жүйесіне деген ел сенімін арттыруға оң ықпал етеді», - дейді мамандар.

Еліміздің шығысындағы алқабилер соты 2020 жылдан бері небәрі жеті қылмыстық істі қарауға атсалысқан. Бұл статистика сот жүйесі үшін, әрине, тиімді емес. Сол себепті заңгерлер мен құқықтанушылар Президенттің алқабилер соты қарайтын істерді арттыру туралы ұсынысын әлемдік сот практикасының талаптарына сай жасалған бастама ретінде қабылдады.

Медиатор, заң ғылымдарының магистрі Аксана Каленоватың пікірінше, еліміздің сот жүйесі қазір 90-жылдары жоғалып кеткен жұрт сеніміне қайта ие болуға талаптанып жатыр. Өйткені біздің қоғамға тамыр-таныстыққа, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге негізделген жүйе емес, заңның үстемдік құрғанын жете түсінетін әділ соттар қажет.

Аксана Каленова, заң ғылымдарының магистрі:

- «Сот құрамында бір емес, бірнеше адам болса, бұра тартуға жол берілмейді. Сол арқылы әділ шешім шығаруға қол жеткіземіз», - дегенге өз басым қатты сенемін. Әсіресе соттардың араласуымен болған келеңсіздіктердің көбі кәсіпорындарды рейдерлік жолмен басып алуда кеңінен көрініс тапты. Сондықтан экономикалық дауларға алқабилер соты араласуы тиіс. Сонда әділ үкім шығады. 

«Алқабилер соты барынша әділ үкім шығарады», - деген пікірді құқыққорғаушы Алексей Божков та құптап отыр. «Сотқа үміткерлерді мейлінше дұрыс таңдай білуіміз қажет. Олардың білімі мен біліктілігі, жиған тәжірибесіне де аса мән берген жөн.

Алексей Божков, құқыққорғаушы:

- Алқабилер соты күллі әлемде қолданылады. Бірақ менде оларға деген екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Қоғам құқықтық нормаларды сол қалпында қабылдап үйренуге тиіс. Өкініштісі, бізде сот кінәлі деп тапқан адамға жұрт үрке қарайды. Сотталды, демек, оның кінәсі бар деп есептейді.

Ал алқабилер сотының коллегиясына үміткер жеткіліксіз. Мұны қалай қабылдасаңыз да, әзірге біздің елдегі сот практикасының сиқы осындай. Сондықтан алқабилер соты араласатын істердің ауқымын барынша кеңейткен абзал.

Ерік Қоянбаев, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

- Бұл өз нәтижесін береді. Яғни Қазақстан Республикасы халқының сот билігіне деген және ел билігіне деген сенімін арттырады деп сенемін.

«Бүгінге дейін біздің елімізде халықтық сот атануға жергілікті әкімдік ұсынған адамдар қолжеткізіп келді. Ендігі жерде мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды», - дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин