Хабар телеарнасы

Шемонаиха тұрғындары екі жылдан бері апатты үйде тұрып келеді

Мәселен, Калинин көшесіндегі 39-ші үйдің қабырғасы сөгіліп, іргетасы құлағалы тұр.

Тұрғындары жандарын шүберекке түйіп, күн кешетінін айтады. Әкімдік бұл мәселеден хабардар. Түйткіл түбегейлі шешілгенге дейін тұрғындарға жатақханаға көшуге кеңес берген екен.

Жандос Дакиев 4 жыл бойы апатты үйді паналаған. Баспана деген аты болмаса, әр түні қорқынышпен өткенін айтады. Себебі үйдің қабырғасы жарылып, іргесі отырып қалған. 

Жандос Дакиев, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Үй қирап қалады-ау деп жанымызды шүберекке түйдік, жауын жаумағай деп тіледік. 3 жасар ұлымды уайымдаймын, бірнәрсе үстіне құлап қала ма деп ойлайсың. Еден де қисайып қалған. Пеш те қосылған жоқ. Үй іші салқын.

Екіқабатты ескі үйдің іргесі 1960 жылы қаланған. Былтырдан бастап қабырғасы сөгіліп, іргесі шытынай бастаған. Бұдан әсіресе бірінші кіреберістің тұрғындары зиян шегіпті. Үй екіге бөлініп қалған. Бес отбасы бірден көшіп кетсе, аз қамтылған үш жанұяның барар жері жоқ.

Ғалия Мұралинова, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Әкімдікке шағым жазғанбыз. Мына жерді келіп қазып, астын қараса, су кетіп жатыр екен. Құбырларды үш-төрт жерден құр резинкамен ұстатып, жауып кетті. «ХҚКО-ға барып, кезекке тұр», - деді, тұрдық. Басыңызда үй бар деп, өтінішімізді кері қайтарды. Мен жесір әйелмін, 4 балам бар. Далада қалдым, үй құласа астында қаламыз.

Ал атқамінерлер бұл мәселеден хабардар. Жұмыс тобы құрылып, тұрғындармен жиын өткен. Мәселені шешудің бір жолы ретінде жатақханаға көшуді ұсынған.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Бесқабатты жатақхананы дайындап, уақытша сонда көше тұруды ұсынғанбыз. Мемлекеттің балансында да пәтерлер бар. Сонда уақытша тұра тұруды ұсындық. Әлі келіскен жоқ. 

Жалпы Шемонаиха ауданында бес үй апатты деп танылған. Бұл санат бойынша осыған дейін алты адам пәтер кезегіне тіркелген. Ал ауданда  727 азамат кезекте тұр. Қазіргі таңда құрылыс қарқыны баяу екенін ескерсек, тұрғындарының қанша күтері белгісіз.

Авторлары: Асем Утешева, Әйгерім Ашықбаева, Медет Омирханов