Хабар телеарнасы

Қарағандыда Алғыс айту күні ерекше аталып өтті

Мейрам қарсаңында қаңтар оқиғалары кезінде қаза тапқан сарбаздардың ата-анасына, сұрапыл өрттен талай жанды аман алып қалған өрт сөндірушілерге, қоғам тыныштығын қамтамасыз еткен полицейлер мен адам өмірі үшін күрескен дәрігерлерге және шынайы ақпарат таратқан журналистерге алғыс айтылды.

Қарағандылықтар әуелі қаңтар оқиғасы кезінде алдыңғы шепте жүріп қаза тапқан қос сарбаз Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаровтың және ҰҚК қызметкері Әділ Нүркеновтың ата-анасына алғыс айтты. Оларға елі үшін етігімен су кешкен батыр ұлдарының портреттері табыс етілді. Туынды авторы – қазақстандық суретші Мәдихан Қалмаханов.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

- Біздің аймақ тұрғындары бейбіт шеруді тәртіпсіздікке айналдыруға жол бермеді, ашуды ақылға жеңдіре білді. Батыр сарбаздардың ардақты аналары қазір біздің ортамызда. Құрметті ата-аналар, сіздерге шынайы алғысымды айтамын.

Бұдан өзге үлкен экранда қоғам тыныштығын қамтамсыз етіп, пандемия кезінде адам жанына араша түскендер мен ақпарат жаршыларының еңбегі көрсетіліп, сала мамандарына алғыс айтылды. Ал жиынға қатысқан этно-мәдени бірлестік өкілдері мерекенің негізіне сай қазақ халқына алғысын жеткізді.

Увайс Жанаев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:

- Бұл мейрамның астары тереңде жатыр. Қиын кезеңдерде ата-бабаларымыз бас біріктіріп, бірліктің арқасында жеңіске жетіп отырған. Біз қазақ халқының шарапатын көрген адамдармыз. Сондықтан алғыстан өзге айтарымыз жоқ.

Сондай-ақ волонтерлер мен меценаттарға да халық алғысы жеткізілді. Олардың басым бөлігі қиын жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созып жүр. Жиналғандар Алғыс айту күні бір-бірімізге қайырымдылық жасап, қамқорлық танытудан  танбауымыз қажет екенін айтты.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков