Хабар телеарнасы

Жылу электр орталығындағы апат: қылмыстық іс қозғалды

Қазір онда іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Тергеу тобының болжамы бойынша, тас үйінділерінің астында бір жұмысшы қалып қойған. Түннен бері оқиға орнында арнамыздың түсіру тобы да жүр.

60 жыл түтіндеп тұрған мұржа осылай көзді ашып жұмғанша құлап қалды. Апат болған жерге төтенше жағдайлар, жедел жәрдем қызметі, полицейлер түгел жиналды. Шұғыл түрде штаб құрылып, қылмыстық іс қозғалды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілш:і

- Ірі тас бөлшектері 1300 шаршы метр жерге құлаған. Мамандардың айтуынша, дәл сол кезде қазандық цехінің ішіндегі шағын ғана бөлмеде 1984 жылы туған әйел адам болған. Қазір оны іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Іздестіру шаралары өте қиын жағдайда жүріп жатыр. Құтқарушылар сағат сайын 15 адамнан ауысып, тастарды қолдарымен қопарып жатыр. «Техника мен үйінділер тағы да бұзылып құлауы мүмкін», - дейді мамандар. Өздеріне де аса қауіпті. 

Рамиль Камалов, облыстық ТЖД бастығы:

- Таңғы 8-ден іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Апат болған жерге кинология қызметі тартылды. Қазір ит көрсеткен жерлерді қазып жатырмыз. Үміт бар.

Құлаған мұржаның биіктігі – 150 метр. Бұл шамамен 50 қабатты ғимаратпен бірдей. Апаттан кейін қала жылусыз қалып, пәтерлер суып кетті. Сондықтан шұғыл түрде қосымша агрегаттар іске қосылды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

- Апат болған күнге дейін төрт қазандық жұмыс істеп тұрған. Бүгін түнде екеуі істеп тұрды. Таңертең үшіншісін қосып қойдық. Кешке таман төрт қазандық толығымен жұмыс істейді.

Тұрғындардың айтуынша, құлаған мұржа бір-екі күн бұрын түтіндеп тұрған. Бірақ жылу электр орталығының басшылары оны байқамапты.

Александр Клебанов, директорлар кеңесінің төрағасы:

- Құжат бойынша мұржаның техникалық жағдайы жақсы еді. Ол әр 5 жыл сайын жөнделеді. Бұл жұмыс келер жылға жоспарланған. Қазір нақты себебін айта алмаймыз. Бірінші кезекте жел әсер етті.

Бұл жылу электр орталығындағы алғашқы апат емес. Өткен жылдың қараша айында қазандықтар жарылып, бір адам қаза тапқан болатын. 60-жылдары салынған нысан әбден ескірген. Сондықтан бұл жағдай қайталанбайды деп ешкім айта алмайды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов