Хабар телеарнасы

Жамбыл облысының 8 ауылында заманауи спорт кешені бой көтермек

Басым көпшілігі Қордай ауданында салынып жатыр. Бұл халық тығыз орналасқан ауылдарда тұратын жастар мен жасөспірімдердің бос уақыт тиімді өткізіп, ұйымдастыруға бағытталып отыр.

Спорт-сауықтыру кешендерінің 4-і былтыр Қордайда салынып, пайдалануға берілген. Қазір ауыл тұрғындары соның рахатын көріп отыр. Мәселен, Әлжан ана ауылындағы мына кешенде 250 балаға дейін жаттығып жүр. Бұған дейін мектеп залдарын жағалаған ауыл жастары енді спортпен еркін айналыса бастады.

Жасұлан Қаналиев, оқушы:

- Бұрын біз далада жаттығатынбыз. Далада жаңбыр жауады, балшық болады. Біресе қар жауады,  суық болып кетеді. Кейде болмай қалады. Осы кешен салынғалы бері біз қуанып, жаттығуға келетін болдық. Қысы-жазы осы жерде ойнаймыз.

Жеткіншектер спорттың 8 түрінен жаттығады. Қажетті құрал-жабдық жеткілікті. Бір жылдың ішінде жасөспірімдер облыстық жарыстарда тәп-тәуір нәтиже көрсете бастаған. Сұраныс артып келушілер көбейді.

Кенжехан Жолдасбек, әдіскер:

- Күндізгі уақытта жасөспірімдерді жаттықтырамыз. Кешкі уақытта ауылдың тұрғындары 18-ден жоғары жастағы балалар келіп, шұғылданады. Ауыл жастары кешке қарай бос уақыттарын осы жерде өткізуіге тырысады.

Аудан бойынша 170 мың халық тұрады. Бүгінде бұқаралық спортпен айналысатындар саны артып 40%-ке жақындаған. 2022 жылы ауданда тағы да заманауи үлгідегі 4 кешен пайдалануға берілмек.

Мәден Мұсаев, Қордай ауданының әкімі:

- Құрылыс жұмыстары Сарыбұлақтағыны ашу ғана қалды. Бітіп тұр. Қарасай мен Қарасудағылардың каркасы бәрін бітіріп панельдерін қоюға дайындап жатыр. Биыл қаржыландыруын күтіп отыр. Қаржы түссе, осы маусым, шілде айларында бітіп қалады.

Жалпы облыс бойынша соңғы 5 жылда 23 спорт-сауықтыру кешені салынған. Мамандар оған мемлекеттен жұмсалған әрбір тиын өзін ақтап отыр деп санайды. Биыл аймақтың шалғай ауылдарына осындай 8 нысан тұрғызылады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә