Хабар телеарнасы

Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі күл-қоқыс тастайтын алаңға айналды

Тұрғындар о баста қарсылық білдіріп, талап етсе де, әкімдік құлақ аспай қойыпты. Енді полигоннан ұшқан қалдықтар бірнеше шақырымға жайылып, егіс алқаптары ластанып барады.

Жұрттың наразылығын туғызып отырған қоқыс алаңы халықаралық жолдың дәл бойында тұр. Мұнда төгілген тұрмыстық қалдықтар жел тұрған сайын ұшып, күре жолдың бойы шашылып жатыр. Таяқ тастам жерде тұрған шаруалардың егіс алқабы мен бейіттердің іші пакеттер мен қаптамаларға толған. Айналасы ит, мысық пен малдың өлекселеріне толып, сасыған иіс қолқаны қабады.

Қоқыс алаңындағы жағдайды бақылап қарап жатқан пенде жоқ. Темір қоршауы ұрланып, бағандарын кесіп әкеткен. Әкімдіктегілер арыз жазып іздеу салғанымен, полиция баукеспелерді бір жылдан бері іздеп таппай жатыр. Ал қайта қоршауға бюджеттен тағы да миллиондарды бөлгісі жоқ.

Дәл осындай қоқыс алаңы жолдың бойындағы Малдыбай ауылының тұсына да салынған. О баста құрылыс басталған кезде-ақ ауыл ақсақалдары мен 100 шақты тұрғын қарсылық білдіріп, өтініш жазып өткізген. Бірақ оған құлақ асып, жөн сұраған адам болмапты.

Бейсебай Қожабергенов, Өрнек ауылының тұрғыны:

- Ауыл ақсақалдары мен жігіттері қарсы шыққан. Аудан әкімімен әкімшілікте жиналыс болғанда бұл мәселе айтылды. Жабылғанын қаладық. «Болды, соғылып қойды», - деді.

Нұрлан Шәріпбаев, Өрнек ауылының тұрғыны:

- Қарсылық танытқанбыз. Әлі күнге дейін жабылмай келе жатыр. Не қоршауы жоқ. Көріп тұрсыздар, ішінде өлекселер жатыр. Ауру тудыратын қаупі болуы мүмкін. Сондықтан бұның алдын алу керек. Егер әкімнен көмек болмаса, өз күшімізбен, халық болып тегістеп осы жерді қалпына келтіреміз.

Халықтың шағымы мен талап-тілегін билік естіп, мән-жайды білсін деген ниетпен телеарнамыздан былтыр да көрсеткенбіз. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, нәтиже жоқ. Осы жолы шешімді кесіп айтып, нақты жауап берудің орнына аудан әкімі кабинетінен шықпай да қойды. Ал жауап беруге келген мамандар мәселені біліп тұрса да, былай жауап берді.

Жасұлан Ғұмырқұлов, Т. Рысқұлов аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Басшылар мен ауыл тұрғындары ақылдасып, бір шешімге келеміз деп ойлаймын.

Аудан бойынша соңғы жылдары осындай 14 қоқыс алаңы қоршалған. Олардың әрқайсысы 6,5 миллион теңгеге бағаланып, тендер жарияланды. Қазір Ақыртөбе мен Ақбұлақ ауылдық округіндегі миллиондарға істелген полигондар тоналып, айра-жайра күйде жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә