Хабар телеарнасы

Таразда әкімдік пен мердігердің кесірінен көпқабатты үйдің тұрғындары су астында қалды

Мердігер жөндейміз деп шатырды ашарын ашып 4 ай бойы ешқандай жұмыс жүргізбеген. Онысын ақшаны дер кезінде аудармаған әкімдіктен көріп отыр. Салдарынан қалың жұрт шатырсыз қыстан шықты. Бір апта бойы толассыз жауған жауын салдарынан төбеден аққан су бірінші қабатқа дейін өтіп үй тұрғындарын әбігерге салды.

Ашуға булығып тұрған 11-ықшам аудандағы 30-шы үйдің тұрғындары. Бұл үйден береке қашқалы бірнеше айдың жүзі болған. Ал мүмкіндігі шектеулі жанды қарап, немере бағып отырған Буадат Иманбекованың жағдайы тіптен қиын. Бесінші қабатта тұратын зейнеткердің үйіне су өтіп, қабырғалары көгеріп кеткен. «Ал кешегі жаңбырда электр жүйесіне су тиіп, тоқ ұрып өлім аузынан қалдым», – дейді тұрғын.

Буадат Иманбекова, қала тұрғыны:

- Шылқып жатыр. Мынаны түнгі 5-те сүрткем. Бетін құрғаттым. Астын құрғата алмаймын. Мына суды қайда жіберемін?

Өзге пәтерлердің жағдайы да мәз емес. Тұрмыстық техникалар зақымданған. Үйден көгерген иіс шығады. Жиһаздар мен көрпе-төсектері су болып жататын орын жоқ. Бала-шаға туған-туыстардың үйін жағалап тентіреп кеткен.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Көпқабатты тұрғын үйдің шатыры айра-жайра күйінде жатыр. Жұрт көктемгі жаңбырдың суын сәл де болса тоқтату үшін мынадай полиэтилен қаптамамен жапқан. Ал жиналған суды шлангтың көмегімен төмен қарай ағызады. Алайда бұл көмектеспейді. Шатырдан аққан су бірінші қабатқа бір-ақ жеткен.

Нұргүл Оразалиева, қала тұрғыны:

- Әкімге де бардық. ЖКХ-ға да бардық.Тұрғын үйге де бардық. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Қыс уақытында бұл үйді ашуға ешкім рұқсат берген жоқ. Біз: «ашпаңдар» деп айтқанбыз. Үйдің ішінің бәрі ылғал сасып кетті. Дуалдың бәрі сасып жатыр.

Ермек Абаев, қала тұрғыны:

- Түнімен ұйықтай алмаймыз. Әкімге де барамыз, әкім де жауап бермейді. Осы жерге тұрғын үйдің орынбасары мен директоры келеді. Екеуі де астында тұрып-тұрып кетеді. Бізді өтірік алдайды.

Бұл үй мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасымен тұрғындардың қайтарымды қаражат есебінен қайта жаңғыртылуы тиіс болған. Жөндеу жұмыстары 27 миллионнан астам теңгеге бағаланған. Мердігермен келісімшарт жасалып жұмыс басталған. Бірақ аяқсыз қалып отыр.

Азамат Кәрібеков, мердігер:

- Сіз маған 30% бердіңіз, дұрыс па? 30% деген қанша ақша? 8,5 миллион теңге берді басында. Осы уақытқа дейін қанша жұмыс істелінді, қазір біреуінің де ақшасын ала алмай отырмыз. АКТ-пен бардым. Ақша жоқ деп жатыр. Бұл мемлекет қаражаты болса, ол ақшалар қайда?

Бақытқали Жаңабаев, «Тұрғын үй жөндеу Тараз» ЖШС директорының орынбасары:

- 4 жақты келісімшартқа қол қойған жоқ. Алайда бұл үй мүлдем жөндеуден өтпеу керек еді. Онда неге бастатқыздыңыдар енді? Не себепті ақша бөлінбей отыр? Формасын әкеп өткізген жоқ. Өткен жолы формасын алып келген кезде маған не дедіңіз? Ақша жоқ, шот бұғатталған дедіңіз!

Жұрт улап-шулап жатқанда маң-маң басып асықпай қала әкімінің орынбасары да жетті. Ашынған жұрттың айқайынан кейін тағайындалғанына екі апта болғанын айтып әрең құтылды.

Жайықбай Шалдаров, қала әкімінің орынбасары:

- Қағаздардың бәрін көтерейін. Өйткені мердігеріміз бір нәрсе айтып тұр. Таразстрой бір нәрсе айтып отыр. Қазір шешімін табайық. Көрейік. Сосын шешімін айтам.

Ақ жағалылар мәселенің анық-қанығына жеткенше тұрғындар тағы да етектен су кешіп күнелте тұруға тура келеді. Бұған дейін құрғақ уәдені үш ай бойы күткен жұрт енді қанша күтері белгісіз. Ал ауа райы болжамына сенсек, бір апта бойы жауын жауады деп көрсетіп тұр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә