Хабар телеарнасы

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Теміртаудағы жылу энергия орталығындағы қазандықты толығымен ауыстырмақ

Осылайша, өндірісті дамытумен қатар өңір экологиясын жақсартуды жоспарлап отыр. Мәселен, жуырда жылу энергия орталығындағы №1 қазандық толық ауыстырылады. Бұл нысан қоршаған ортаны айтарлықтай ластап келген.

Теміртаудағы жылу энергия орталығындағы алғашқы қазандық сонау 1959 жылы салынған. Әбден тозғаны соншалық әупірімдеп жұмыс істеп келген. Жобалық қуатын өндіре алмады. Сондықтан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы оны толық жаңартуға шешім қабылдаған. Жаңа қазандықтың әзірге Қазақстанда баламасы жоқ.

Мәдина Қуантаева, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының экология жөніндегі директоры:

- Жаңа қазандықта отынның бірнеше түрін жағуға болады. Соның бірі – табиғи газ. Магистарльды газ құбыры қаламыздың іргесінен өтеді. Сондықтан көгілдір отынның игілігін көретін күн де алыс емес.

Қазандық 100% жылу энергия орталығының аумағында құрастырылады. Құрылыс үш деңгейден тұрады, қазір алғашқысы аяқталған. Қазандыққа екі сатылы тазарту жүйесі бар эмульгатор орнатылады. Сүзгі ауаға таралатын шаң-тозаңды әр текше метріне 250-300 миллиграммнан 50 милиграммға дейін азайтады.

Банерджи Субхраджиоти, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жоба бойынша менеджері:

- Жылу энергия орталығының құбырын ауыстыру да жоспарымызда бар. Бұған дейін оның биіктігі 50 метр болса, енді 150 метрге жетеді. Түтін шығатын құбыр биік болған сайын одан шығатын шаң-тозаңның таралу радиусы да алыстайды. Яғни, түтін іргедегі қалаға қонбайды, әрі қарай далаға кетеді.

Жылу энергия орталығын жаңғырту жұмыстарына шамамен 4 миллиард доллар қаржы жұмсалады. №1 қазандық құрылысын алдағы қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Қалған агрегаттар да жылу маусымына дейін түгел жөнделеді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев