Хабар телеарнасы

Семейлік полицей қаңтар оқиғасы кезінде бұйрықты адал орындап шықты

Қаңтар оқиғасы кезінде семейлік полицей Бекжан Сұлтановтың өміріне қатер төнген. Алайда жас сақшы қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі бұйрықты адал орындап шықты.

Бекжан Сұлтанов Ішкі істер органында 13 жылдан бері қызмет атқарады. Полицей болу – оның бала күннен бергі арманы. Қаңтар оқиғасы кезінде ол барлық әріптесімен бірге қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін орталық алаңға барған.

Бекжан Сұлтанов, учаскелік инспектор:

- Жастар бізге қарсы өте агрессивті болды. Жаппай тәртіпсіздік басталды. Мен екінші қатарда тұрдым. Олар полиция қызметкерін жұлып алып, 4-5 метр жерге сүйреп апарды да, жабылып ұра бастады. Мен дереу әріптесіме көмектеспек болдым. Оны құтқарғаныммен, өзім тепкінің астында қалдым.

Бір топ адам Бекжанды аяусыз ұрған. Олардан қашып шығу мүмкін емес еді. Көп ұзамай жанғыш қоспасы бар зат жарылып, оның арқасын күйік шалады.

Ернұр Төлеуханов, қалалық ПБ Әуезов ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы:

- Өз әріптес бауырларын қорғап қалу кезінде бұзақылардан ауыр жарақат алған болатын. Бекжан Еркінұлы – өз ісіне жауапты, жұмысты тиянақты атқаратын қызметкерлердің бірі. Өзіне жүктелген жұмыстарды толығымен жауапкершілікпен атқарады.

Үш баланың әкесі ауруханада екі апта бойы дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір оңалту орталығында ем алып жатыр.

Айжан Сұлтанова, Бекжанның зайыбы:

- Біз қиын жағдайды бастан өткердік. Қорқынышты болды. Сол күні ешқандай байланыс болмады. Енді мұндай жағдай жер бетінде қайталанбасын. Жұбайым өз қызметіне жауапкершілікпен қарайды. Әрқашан оны жұмыстан асыға күтеміз.

Қаңтар оқиғалары кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қаланың Ішкі істер басқармасы гарнизонының жеке құрамы түгел жұмылдырылып, күшейтілген режимде жұмыс істеді.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Асем Утешева, Медет Өмірханов