Хабар телеарнасы

Қасіретті қаңтар кезінде Ұлттық ұланның фельдшерлері жаралы жауынгерлерге көмек көрсетті

Алматыдағы Ұлттық ұланның фельдшерлері қаңтардағы қақтығыстар кезінде жаралы жауынгерлерге көмек көрсете жүріп, өздері де жарақат алады. «Өзімізге қауіп төнсе де, міндетімізді адал атқаруға тырыстық», - дейді олар. 

Рашида Бақбергенқызының Ұлттық ұланның медициналық құрамында еңбек етіп келе жатқанына 22 жыл. Тәжірибелі маман: «Қаңтардағы қақтығыстарда бүкіл өмірім көз алдымнан өтті», - дейді. 4 қаңтарда әскери дабыл бойынша жаралы жауынгерлерге медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем көлігімен алаңға келген оларға бұзақылар тобы шабуыл жасайды. Таспен атқылап, көлікті босатуды талап еткен олар сөзге келместен жедел жәрдем көлігіне от қояды.  

Рашида Салмекеева, ҚР Ұлттық ұланның сержант-фельдшері:

- Қолдарында бензин болған. Шөлмектің ішіндегі бензинді лақтырып, бәрімізді сүйреп шығарды. «Әйелдерді шығарыңдар да, ішіндегілерді өлтіріңдер», - деді. Терезелерді сындырған кезде бір бала келіп, шашымнан жұлды, одан кейін кірпішпен басымнан бір қойды. Сонда жарақат алдым.

Гүлзат Исекованың алты баласы бар. Бұйрық келген соң, отбасына қарамастан міндетіне кіріседі. Дәрігерлік құрам әскери бөлімге аяқ-қолы сынып, басы жарылып, ауыр жарақатпен келген сарбаздарға бір жарым тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді.

Гүлзат Исекова, ҚР Ұлттық ұланның аға санитарлық нұсқаушысы:

- Мен жеке басым үшін емес, қасымдағы қарулас қыздар үшін қорықтым. Барлығы сол алаңда жүрді, резиденцияға кетті, солар үшін қорыққан кезім болды. Балалармен жылап қауыштым. Оңай емес екен, Алла енді мұндайды көрсетпесін. Жұмысқа келген кезде сарбаздармен де жылап қауыштық.

Қаңтардағы қақтығыстар кезінде Алматыда Ұлттық ұланның 200-ден аса қызметкері жараланды. Олардың көпшілігі қазір амбулаториялық ем қабылдауда.  Ал бұғанасы мен аяғы сынған екі сарбаз қазір әскери лазаретте дәрігерлердің бақылауында. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев