Хабар телеарнасы

241 қазақстандық Украинадан шығарылды

Олар Польша шекарасын кесіп өткен болатын. Жалпы саны – 241 адам. Міне, олардың алғашқы легін ұшақпен Қазақстанға тасымалдау басталды. Украина аумағынан шығуда белгілі кедергіге жолығып жатқандар да бар. Әсіресе жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілердің жағдайы қиын болып тұр.

Отандастарымыз шекарадан өткен соң, бірнеше автобуспен Польшаның Катовице қаласындағы әуежайға жеткізілді. Олар үшін ең ауыр соққаны Украина аумағынан шығу болды. Үлкен қашықтықты бағындыру және түрлі тексерістен өтуге бірнеше тәулік уақыт жұмсапты.  

Атырауда техникалық тоқтаудан кейін бұл борт Алматыға бет бұрады. Келу уақыты шамамен түнгі 00:30. Польшаның Катовице қаласында Қазақстан азаматтарының жиналуына қарай қосымша рейстер жоспарланған.

241 адамның 175-і ұшақпен дәл қазір елге қайтып келе жатыр. Ал жүк тасымалдаумен айналысатын отандастарымыздың жағдайы бұған қарағанда қиындау. Әскери қақтығыс болып жатқан Украина аумағында 50-ден астам техникамыз тұралап қалған. Басым бөлігінде жүк тиелген. Жүргізушілер көліктерін тастап, өздері жеке кете алмай тұрғандығы да сондықтан. Көбі Киев, Харьков, Днепр және Львов қалалары маңында. Олар бейнеүндеу жолдап көмек сұрауда.

Роман Бушуев, көлік жүргізушісі:

- Днепр қаласы маңындағы тұрақтамын. Бұл жерде Қазақстаннан келген он көлік тұр. Не істерімізді білмейміз. Ресейге немесе Белорусь аумағына өтуіміз керек. Мемлекетімізден осы жағын ұйымдастыруды сұраймыз.

Руслан Күйшінов, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Біздің ұлттық палата қазір тиісті жұмыстарды қолға алды. Оның ішінде еліміздің Сыртқы істер министрлігіне де хат жолдады. Енді таяу арада жауап болатын шығар.

Айта кетейік, Укрина аумағында 1,5 мың қазақстандық бар. Солардың 600-ден астамы сондағы елшіліктің жедел желісіне хабарласып, елге қайтуға ниет танытыпты. Алғашқы легі жолға шығып та үлгерді. Қалғандарын жеткізу бойынша жұмыс әлі жалғасады.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Әлибек Алиев