Хабар телеарнасы

Павлодар облысында кәмелеттік жасқа толмағандар тәрбиесіне селқос қараған 500-ден аса ата-ана жауапкершілікке тартылды

Өңірде өткен жылы қиын жағдайға тап болған 1 мың 800-ден астам отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Арасында мемлекеттік органдардың көмегіне жүгінбегендері де бар. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Екібастұз қаласында 4 баланың аш-құрсақ, күтімсіз қалғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Содан кейін Павлодар қаласында да тәртіп сақшылары арнайы тексеріс бастап кетті. Мақсат – балалардың заңды құқықтары мен әлжуаз топқа жататын отбасыларға жан-жақты көмектесу.

Бақытжан Тұрсаринова, Павлодар қалалық ПБ ЖПҚ-нің аға инспекторы:

- Көбінесе жайсыз отбасыларда, ата-аналардың ішімдікке ден қоюы, балалардың қараусыз қалуы, сонымен қатар білім бөлімінің ұсыныс хаттары бойынша балалардың біліммен қамтылмауы орын алып жатады. Соңғы кездері 102 желісі бойынша көршілер, жақындарының қоңырау шалуы арқылы осында отбасыларды анықтап, біздің тарапымыздан есепке алынып жатады.

Марат Қожахметов, Павлодар қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

- Өткен жылы 103 отбасыға әлеуметтік қолдау көрсетілді. Жанұялар қиын жағдайға тап болған. Биыл осындай тоғыз отбасы анықталды. Жағдайы нашарлаған азаматтар табыс көзінсіз немесе жұмыссыз қалып қойған.