Хабар телеарнасы

Ақмола облысында туризм басқармасы жабылды

Бұрын өзі бөлек бір мекеме болған Бурабай аудандық туризм бөлімі де қазір басқа органның қарамағында. Өзге аудандарда да осындай жағдай. Туристік әлеуеті зор аймақ, мұндай қадамға не үшін барды? Онсыз да дамуы сылбыр бұл саланың жұмысы енді одан сайын тұралап қалмай ма?

Ақмола облысындағы туристік тартымдылығы өте зор өлкелердің бірі – Зеренді ауданы. Қазір мұнда 30-дан астам қонақүй мен демалыс орны бар. Көрікті мекенге жыл сайын 300 мыңға жуық турист келеді. Осындай әлеуетті аймақта туризмге жауапты тек бір ғана маман қарастырылған. Алайда ол орынның өзі қазір бос тұр.

Станислав Цуков, Зеренді аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы:

- Бұрын бізде бұл бөлім бөлек болатын. Бірақ еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің штатын қысқартуға байланысты қазір ол бөлім кәсіпкерлік бөлімімен біріктірілді. Ал аталған бөлімде бар-жоғы 4 маман жұмыс істейміз. Оның біреуі – басшы. Әзірге туризмнің сұрақтарымен басқа маман айналысып жатыр.

Бурабайда да осыған ұқсас жағдай. Онда да туризмге бір-ақ адам жауапты. Алайда бұл салада атқарылатын жұмыс көп. Қордаланып қалған мәселелер де жетерлік. Басқаны айтпағанда, дамуы ең ілгері деген Бурабайдың өзіне жұртшылықтың қазір көңілі тола бермейді.

«Алайда жергілікті билік өкілдері, басқарма мен бөлімдер қысқарса, бұл сала қараусыз қалады деген сөз емес», - дейді. Айтуларынша, облыстық басқармадағы туризмге тікелей жауапты сегіз адам басқа мекеменің қарамағында болса да қазір өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Одан бөлек аймақты жарнамалаумен айналысатын туристік ақпараттық орталық та бар.

Андрей Подгурский, Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Барлық жоспар мен іс-шара сол қалпында қалды. Ештеңе өзгерген жоқ. Міндетіміз де айқын. Ол – туристер қатарын көбейту. Ал Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылымды жақсарту көзделген. Мәселен, қазір Бурабайда кәріз құбырын тарту мәселесі қарастырылып жатыр.

«Ал Зерендіні былтыр ғана облыстық деңгейде құрылған жол картасы аясында дамытамыз», - дейді, жауаптылар. Сондай-ақ қазір елорда іргесіндегі елді мекендердің де туристік әлеуеті артып келеді. Алайда ондағы туризм тек бизнестің қолдауымен ілгерілемек.

Дамир Берікұлы, тілші:

Ақмола облысында туризмі кенжелеп, тіпті тұралап қалған бір өлке бар. Ол – табиғаты өте көркем Сандықтау ауданы. «Астана мен негізгі күре жолдарға алыстау жатқан аймаққа инвесторлар көп қызыға қоймайды», - дейді сала мамандары. Тиісті жағдай жасалмаған соң онда туристер де бара бермейді. Ресми статистикаға сүйенсек, аталған өңірге былтыр тек 1 мыңға жетер-жетпес қана адам саяхаттап барған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный