Хабар телеарнасы

Арыста тойханалар спорттық кешендер мен әлеуметтік нысандарға айналды

Ауыл балалары енді ондағы түрлі үйірмеге тегін қатысады. Себебі игілікті іс мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмады.

Арыс қаласының іргесіндегі аядай Ақдала ауылында спорттық үйірме бұрын-соңды болмаған. Елді мекендегі 500 орындық Салтанат сарайы 1200 баланы қабылауға қауқарлы спорттық кешенге айналды. Жастардың шынығып, шымыр болуына жағдай жасаған Әлібек Құралбек табыстан гөрі туған жерді түлетуді жөн санаған.

Әлібек Құралбек, кәсіпкер:

- Біраз өзгеріс енгіздік. Бұрын болған суреттердің барлығын алып тастадық. Қабырғаларға сурет салдырамыз. Спорт зал екенін білдіретін баннерлер мен плакаттарға тапсырыс бердік.

Мұнда бокс, дзюдо, қазақ күресі мен бұрымдыларға арналған би үйірмесі жұмыс істейді. Жасөспірімнің тегін жаттығатын орталығына тәжірибелі мамандар жан-жақтан арнайы шақыртылған. Ауыл баласы Амантұр арман қуып, үйірмеге алғышқылардың бірі болып жазылды.

Амантұр Амантай, Ақдала ауылының тұрғыны:

- Мен өскенде Бекзат Саттарханов сияқты спортшы болғым келеді. Соған орай үйірмелерге қатысып, күнде дайындалып жүрмін.

Арыстағы ағайынның тағы бір тойханасы әлеуметтік орталыққа айналды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Үстел теннисі, жаттығу залы, кітапхана, массаж кабинеті, тіпті ой-өрісті дамытуға арналған ойын түрлері бар.

Гүлсая Едігеева, орталық кеңесшісі:

- Балалар бізге келген кезде қуанып, ойнап кетеді. Үлкен кісілер де ризашылықтарын білдіріп, рақметтерін айтып жатады. Бұл бізге де қуанышты сезім сыйлайды. Келушілер: «Сіздерге келсек, көңіліміз жайланады, демалыс орталығына келгендей сезінеміз», - дейді.

Бұл игілікті іске ұйытқы болған кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырылады. Сондықтан тұрғындар үшін барлығы тегін.

Қуаныш Шойнақов, Арыс қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Мемлекеттік бағдарлама аясында спорттық секциялар мен шығармашылық топтарды қаржыландыру көзделген. Соның аясында біздің Арыс қаласының кәсіпкерлері, соның ішінде бес тойхана кәсіпкерлігінің иелері нысандарын ауыстырып, бағдарлама аясында қаржыландыруға өтініш берген.

Бұрын кәсіпкерлер үшін табысты күреп табудың төте жолы тойханалар еді. Әлемді жайлаған індет қоғам көзқарасын өзгертті.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов