Хабар телеарнасы

Ақмола облысында 125 елді мекенді су басу қаупі бар

80 көлі бар Көкше жерінде су айдындарына келіп құятын өзендер көп. Қар ерісе, оның барлығы дерлік қатер төндіреді.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ақмола облысында су тасу қаупі ең зор аймақтардың бірі – Атбасар қаласы. Мұнда қатер төндіріп тұрғаны – Жабай өзені. Естеріңізде болса, аталған өзен 2017 жылы арнасынан асып, 700-ден астам баспана су астында қалған еді. Содан бері Атбасар жыл сайын үреймен отырады. Қаланың биылғы су тасқынына деген дайындығы қандай?

Мұндағы жергілікті билік өкілдері биыл қар аз болғанына қарамастан, тасқынға тосқын қоюға қатты кірісіпті. Жылда бұл мақсатқа 40 млн теңге бөлетін аудан биыл 62 млн теңге бағыттаған. Ал оның тек 45 млн-ы қар шығаруға жұмсалмақ. Одан бөлек, облыстық бюджеттен тағы бақандай 25 млн теңге бөлініп, өзенге жақын орналасқан №1 орта мектепті айнала бетон қабырғамен қоршап тастапты. «Күзде де біраз жұмыс істедік», - дейді.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

Өзеннің ішкі арнасын тазарттық. Одан қалды, мынау тұрған 9 км плотинаның ақау бар жерлеріне түгелдей күрделі жөндеу жұмыстарын өткізіп, орнына келтірдік. Жабай өзеніне өткізетін шлюзді де жөндеп, дайындап қойдық.

2017 жылғы су тасқынынан кейін мұнда апаттан зардап шеккен жүздеген отбасы жаңа үйлерге қоныстанған болатын. Енді қауіпті аймақта тағы 200-ге жуық баспана қалып отыр. «Олар да биыл көшіріледі», - дейді, аудан әкімі. Атбасардан бөлек облыста Астрахан, Аршалы және Целиноград аудандарын да су басу қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының сөзінше, қазір оларда тасқынға дайындықтың екінші кезеңі басталды.

Қанат Доспаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Облыс бойынша 12 жарым мың тонна инертті материал, 60 мың дана қап, 273 тонна жанар-жағармай әзірленді. Барлық ауданда қар шығарылып жатыр. Әзірлік жұмыстары 15 наурызға дейін жалғасады.

Ал гидромет мамандары биыл қар едәуір аз екенін айтады. Өзен-көлдердегі ылғал деңгейі де жылдағыдан 10-нан 64% дейін төмен. Тек Сілеті өзеніндегі ылғал жылдағыдан 25% көп.

Надежда Гуришкина, «Қазгидромет» АҚ филиалының бөлім жетекшісі:

- Су тасқыны бола ма, жоқ па, ол жайлы айтуға әлі ертерек. Себебі осы және келесі айда әлі де қар жауады. Сондықтан қазіргі болжам нақты емес. Ал дәлірек болжам наурыз айында шығады.

Осылай деген құзырлы орган өкілдері аймақта қардың нақты қашан еріп, тасқын қаупі қай кезде күшейетінін әзірге дөп басып айта алмай отыр. Дегенмен дайындық жасалады. Ал ол үшін жергілікті қазынадан бас-аяғы 1,3 млрд теңге қарастырылған.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный