18:00Эфирде: «Убить Билла 1» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Ақтөбеде жергілікті билік 400-ге жуық тал-көшетті тамырымен бірге жоюды көздеп отыр

  • Категория: Қоғам
Ақтөбеде жергілікті билік 400-ге жуық тал-көшетті тамырымен бірге жоюды көздеп отыр

Облыс орталығының Ақжар-2 ауданында 50-ден астам көшеге асфальт төселуі тиіс.

Тұрғындар елді мекенге жол салу керектігін біраздан бері айтып жүрген. Алайда ауылға келер игілік нышаны қоршаған ортаға зиян тигізбесе дейді. Себебі енді ғана бой түзеп келе жатқан шағын ауданда жасыл-желек санаулы.  

Соңғы 15 жылда облыс орталығындағы ірі ауданның біріне айналған Ақжар-2 елді-мекені экологиялық тұрғыдан ең таза аймақ қатарында. Түрлі өндіріс орындарынан алшақ қонған тұрғындар көше ауласын айтпағанда, көше бойына да түрлі тал-терек отырғызған. Қарағашты айтпағанда емен мен терек, шырша мен қарағайдан басқа жеміс-жидек ағаштарын да ішінара көруге болады. Алайда құрылыс басталса жол бойындағы көптеген көшеттерді жоюға тура келеді.

Евгений Лазарчук, экобелсенді:

- Соңғы жылдары бұл ауданда жасыл-желектің көбейгенін байқауға болады. Егер 500 ағаш тамырымен бірге қопарылатын болса, қоршаған орта үшін айтарлықтай шығын болатындығы сөзсіз. Жаздың күні шаң тұрып, қыста бораннан тығыларға жер болмайды. Тұрғындардың да еңбегі зая кетеді.

Есік алдындағы ағаштардың оталуына тұрғындар да наразы. Сондықтан жол құрылысы жобасын осы жайтты ескеріп қайта жасақтауды өтінеді.

Жоспарға сай Ақжар-2 ауданында 50-ден астам көше жөнделуі тиіс. Ені 6-7 метрлік асфальттан бөлек жарық шамдары, жаяу жүргінші жолы мен суағарлар қарастырылған. Жоба құны шамамен 5 миллиард теңге. Экобелсенділердің көтеріп отырған тағы бір мәселесі құрылысқа Бұтақ өзенінен су тасымалдау боп тұр. Арнасын кеңітіп, табана ауыр техника түскен су қоймасы соңғы жылдары тартылып қалған. Құрылысшылар: «Қол салса, тіптен кеуіп кетеді», – ­дейді.   

Жансұлу Салиева, жобалаушы компанияның директоры:

- Құрылысқа қажетті судың өзеннен алынатындығы рас. Бірақ біз жобада Қарғалы мен Елек өзенін көрсеттік. Себебі біздің білуімізше Бұтақ өзенінің суы тартылып қалған.

Жалпы бұл ауданда 378 түп ағаш кесілуі тиіс. 126-ы арнайы техникамен басқа жерге көшіріледі. Сондай-ақ мердігерге жұлынған әрбір ағаштың орнын толтыру міндеттеледі.

Навои Әмірбек, қалалық ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Құжаттарға сәйкес жасыл-желекті өтеу көлемі 10 есе деп бекітілген. Яғни әрбір ағаштың орнына 10 көшет отырғызылуы тиіс. Ағаштардың барлығы коммуналдық жүйелерге кедергі болайтындай етіліп сол Ақжар-2 ауданында егіледі.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Өңір белсенділері көшеттерді отырғызып қана қоймай, әбден тамырын жайғанша бағып-қағуды да құрылысшыларға жүктеуді талап етіп отыр. Алайда шенеуніктер: «Мердігерлерден мұны 2 жылға дейін ғана талап ете аламыз», ­– дейді. Атқарылған жұмыстың кепілдік мерзімі сол. Демек одан кейінгісі тұрғындардың мойнында. Әзірге бұл жоба халық талқылауында. Егер көпшілік қуаттап, тиісті мемлекеттік сараптамадан өтсе жол құрылысы келер жылы басталуы тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев

Сондай-ақ...