Хабар телеарнасы

Елімізде онкологиялық ауруларымен ауырған балаларды оңалту жобасы іске қосылады

Туа біткен сал ауруына шалдыққан балалардың емделуіне үлес қосып жүрген орталықтан жылсайын 20-ға жуық бала жалпыға ортақ білім беру нысандарына жіберіледі.

Сал ауруына шалдыққан 9 жастағы Ерасыл Кәкімирастың «АРДИ» қарқынды оңалту орталығына келіп жүргеніне бір жылдан асыпты. Алғаш келгенде жаңадан еңбектеп жүрген бала, қазір тізерлеп тұратын жағдайға жеткен. «Енді аяққа тұруға әрекет жасаймыз», – дейді анасы. Орталыққа келгелі, математиканың қарапайым амалдарын меңгеріп, тырысқан қолдары жазуға икемделіп қалған.

Шұға Қасымбаева, ата-ана:

- Негізі ата-аналар ең бастысы жүріп алсын деп ойлайды. Бірақ бұл жерге келгенде ол тек қана жүру емес, баланың миын да дамыту керек, біз әріп үйренсе болды деп ойлаймыз, бірақ әріпті үйрену үшін бала бірінші жазуды білу керек екен. Мен соны түсіндім. Қазір жазуына зор ден қоюда.

«АРДИ» мүгедек балалар ата-аналарының қауымдастығының құрылғанына 30 жыл. Ал 2004 жылы көптің қалауымен алғаш рет оңалту орталығы ашылды. Қазір мұнда тірек-қимыл аппаратын қалпына келтіретін бөлмеден бастап массаж, сенсорлы және гидротерапия, эрготерапия кабинеттері бар. Жалпы «АРДИ» қарқынды оңалту орталығында күн сайын 230 бала ем шара қабылдайды.

Әсия Ахтанова, «АРДИ» қауымдастығының төрайымы:

- Біздің жұмысымыз белгілі бір тәртіппен құрылған. Әр балаға жеке емдеу бағдарламасын құрамыз. Сол бойынша қол жеткізуіміз тиіс нәтижелер бекітіледі. Әр жарты жыл сайын мониторинг жасап, нәтижені саралаймыз.

Өткен жылы орталықтан 5 бала жалпы білім беретін мектеп партасына отырған. Ал 6 бала балабақшаға барып, өз қатарластарына қосылыпты. Сондай-ақ 7 бала мамандандырылған мектеп-интенаттарға жіберілген. Орталықтың білікті мамандары тағы бір жаңа оңалту жобасын қолға алмақ.

Әсия Ахтанова, «АРДИ» қауымдастығының төрайымы:

- Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар оңалту шараларынан өтпейді. Сондықтан көп жағдайда аурудың соңы қайғылы жағдаймен бітіп жатады. Қазір біз осындай балаларды оңалту бойынша әдістеме жасадық. Біз оны іске қосуға дайынбыз.

 «АРДИ» қарқынды оңалту орталығына ел аймақтарындағы сал ауруына шалдыққан балалар да келіп тегін ем-шара қабылдай алады. Олар үшін жылына бірнеше рет 2 айлық қысқа курстар қарастырылған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон