Хабар телеарнасы

Елімізде такси қызметі арзандады

Әдетте 5 минуттық жерге «атасының құнын» сұрайтын агрегат қазір төлем ақыны 600-700 теңгеге төмендеткен. «Бағаның бұлай өзгеруіне бірнеше фактор әсер еткен», - дейді мамандар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жүргізіп жатқан тергеуі де себеп болуы мүмкін.

Соңғы аптада такси бағасының арзандағаны бірден сезілді. Күнделікті күйбең тірлігімен асығыс жүретін елордалықтар бұл жаңашылдықты қуанышпен қабылдады.

Такси бағасының арзандауы тұтынушылар үшін жағымды жаңалық болса, жүргізушілердің көңілінен шыға қоймады. Себебі бір қызмет түрі арзандаса, өзгелерінің құны сол күйі. «Әкелген пайда шығынды жаппайды», - дейді такси жүргізушілері.

Дулат Қоңырбаев, такси жүргізушісі:

- Такси біраз арзандады. Арзандағаннан не пайда?! Бізде барлық нәрсе қымбат. Бензинің де қымбат, азық-түлігің де қымбат. Мысалы, бір жолың 350-400 теңгеге дейінгілер де бар. Оның бағасын өзіміз қоя алмаймыз. Қосымшаға кіресің, айтқан жеріне апарасың, бағасы кейін айтылады. 182 теңге 1 литр бензинге кетсе, 20% бизнес иесі алады. Бізге қалатыны 400 теңгеден 130-150 теңге. Енді күніне 10-15 рет барып келсем де 2-3 мың жинайтын шығармын. Бір күнге 3 мың теңге. Менің балаларым, немерелерім бар, пәтер, коммуналдық төлем бар. Ешқайда жетпейді.

Такси жүргізушілерінің мұңын Рахат Мырзамұратов та растап отыр. Ақтөбелік азамат қала аралап, жолаушы тасымалдау қызметін айналысып келе жатқанына 5 жыл болды. Күніне 12 сағатқа дейін көлік тізгінін ұстайды. Сондағы түсетін қаражат 10-15 мың теңге шамасында екен.

Рахат Мырзамұратов, такси жүргізушісі:

- Негізі шығын көп қой. Қазір адамдардың көбі біздің кірісті есептейді, ал шығынды есептемейді. Техникалық бақылау бөлек, жолаушы сақтандыру бөлек болады. Сақтандыру жылына 12-13 мың теңгеге шығады. Желтоқсанда көліктің қосалқы бөлшектері қымбаттады. Осы айда екі есе қымбаттап кеткен.

Жасыратыны жоқ, көбіміз белгілі таксидің қосымшасының көмегіне жүгініп, көлік шақырамыз. Қазір Қазақстан нарығында осы ірі агрегат үстемдік құрған. Бағаны да өздері реттеп отырады. Боран соғып, ауа райы бұзылса немесе көлік кептелісі басталса, бірден баға еке есе қымбаттай келеді.

Такси қызметіне халық тарапынан көп шағым түскендіктен, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тиісті тексеріс жұмыстарын бастады.

Жадыра Мырзахмет, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі баспасөз қызметінің маманы:

- Жедел желіге келіп түскен шағымдармен жұмыс жөнінде бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Яндекс.Такси корп» ЖШС-не қатысты экономикалық қызметті үйлестірудің мүмкін белгілері бойынша тергеп тексеру тағайындады. «Яндекс.Такси корп» тарапынан бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу фактілері анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

Медет Құрманов, көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы:

- Бағаның төмендеуіне бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл жерде агрегатор өзінің базалық құнын төмендеткенін біз байқаған жоқпыз. Яғни қосымшаның өзінде агрегатор белгілеген төменгі тарифті көруге болады. Ол сол қалпында қалды. Бұл тарифке қосылатын коэффициенттер де өзгерістер болған шығар. Қазір таксиге деген сұраныс төмендеді, сондықтан осындай баға тұрақтап тұрған шығар. Елде болған соңғы оқиғалдар да, жүргізіліп жатқан тергеу амалдары да әсер етуі әбден мүмкін.

«Біздің сервис штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік органдардан біздің қызметтің немесе толық нарықтың қандай да бір аспектілерін түсіндіру жөніндегі сауалдарын жиі алып отырамыз. Біз оларға әрқашан белгіленген мерзімде және толық жауап беріп отырамыз», - деді «Яндекс Go» сервисінің баспасөз қызметі.

Жалпы қала ішінде жолаушылар тасымалы қызметін ұйымдастыруға жергілікті әкімдік жауапты болады. Тиісті тәртіпті бекітіп, барлық такси қызметінің соған бағынуын қадағалайды. Ал нарықта бәсекелестіктің әділ болуын қамтамасыз ету монополияға қарсы қызметтің құзыреттілігінде.

Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байғазин