Хабар телеарнасы

Жаңа Қазақстан: бағыт пен бағдар

Ең бастысы – халықтың әл-ауқатын жақсарту, табысын өсіру, елдегі әлеуметтік теңсіздікті жою. Әлеуметтанушылар: «Қаһарлы қаңтардағы қаралы оқиғаның ең басты себебі осында жатыр», – дейді.

Әлеуметтану ғылымында «стратификация теориясы» деген ұғым бар. Басқаша айтсақ, қоғамның бай мен кедейге жіктелуі. Cебебі кез келген қоғам қара мен төреден құралған. Бірақ соның арасы тым алшақтап кеткенде елдің тынышы кетеді. Әлеуметтанушы Рамазан Салықжановтың сөзінше, кешегі бүліктің басы осы әлеуметтік теңсіздікте жатыр. 

Рамазан Салықжанов, әлеуметтанушы:

- Біз соңғы 10-15 жылда экономиканың жақсы-жақсы жетістіктерін осы төменгі әлеуметтік топты, әлеуметтік тапты орта деңгейге жеткізе алмадық. Нәтижесінде қаңғып жүрген жастар кешегі бүкіл жайтты төңкеріп берді. Ол жерде шын мәнінде де идеяға берілгендер де бар шығар және де осы кездегі өздерінің осы жағдайын ашынып, не әке-шешесінен көмек жоқ, не өзінің тіршілігі жоқ, ол не істейді, ол осындай кезде ашуын дүмпу кезінде көрсетеді.

Болары болды, бірақ бояуы сіңіп үлгерген жоқ. «Осы сәтті пайдаланып, әлеуметтің әлеуетін көтеретін шешімдерді қабылдап-қабылдап алуымыз қажет», – дейді саясаттанушылар. Осылайша, «еститін» мемлекеттен «істейтін» мемлекетке айналуымыз қажет. Бұл ретте депутат Берік Әбдіғалидың ойынша, мемлекеттік басты месседжі қарапайым қазақстандықтардың табысын арттыру болуы тиіс. 

Берік Әбдіғали, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз бүгінде жалпы мемлекеттің табыстары емес, халықтың табысы да көбеюі керек. Әлеуметтік мәселе, бағалар қымбаттап жатыр.

Осы күндері біз тыңдаған мамандардың тағы бір ұнаған пікірі – біздің қоғамға жаңа бағдар, жаңа үлгі, жаңа құндылық қажет.

Рамазан Салықжанов, әлеуметтанушы:

- Байдың образы көпшілікке таралып кетті. Соны қуып, соған жетсек деп кеттік. Көлік керек, үй керек. Өзге құндылықтарды жастарға бере алмадық. Осы тұрғыдан сіз біз болып жаңа үлгі ұсынуымыз керек. Оны қалай қалыптастыру керек. Ол – үлкен мәселе, үлкен сұрақ.

Осы күндері Президент айтқан жаңа Қазақстанның жаңа бағдарының нақты рецепті болмаса да, анығы сол – бізге тәрбиені, білімді күшейту қажет. Мұны Президент мәжілістегі сөзінде де айтқан.

Самат Нұртаза, саясаттанушы:

- «Сапалы мұғалім болмай, жақсы ұлт тәрбиелеу алмаймыз» деген месседж өте жақсы болды. Президеніміздің екінші сөзі – қағаз күйінде халыққа, айналасына айтқан сөзі.

Президенттің тапсырмасын орындау – үкіметтің, жақсы оқу – студенттің, өз кәсібін жүргізу – бизнестің парызы. «Яғни әркім өз ісін адал әрі тиянақты атқарса, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан жаңа Қазақстанды құрудың түк қиындығы болмайды», – дейді мамандар.