Хабар телеарнасы

«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылады

Ол мұқтаж тұрғындарды жан-жақты қолдауға бағытталған ауқымды жоба болмақ. Аталған қор ешбір мемлекеттік органға қарамайтын, дербес, нағыз халықтық сипатта болады. Білікті бақылаушысы бар жауапты басшы тағайындалып, қызметі мен бюджеті бұқараға ашық жүргізіледі. «Қазақстан халқына» қорына еліміздегі ірі бизнес нысандары, ауқымды компаниялар мен ауқатты тұлғалар жүйелі түрде аударым жасап тұруы тиіс. Президенттің айтуынша, халық өзіне тиесілі үлесті алатын кез жетті.

Ерлан Мәдиев, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- «Қазақстан халқына» қорының мәселесі өте маңызды. «Қазақстанның ірі ұлттық компаниялары, бизнесі, соның ішінде осы тәуелсіздік кезінде қомақты қаржы жинаған азаматтар енді осы қаржысын қоғаммен бөлісуі керек. Өзінің әлеуметтік функцияларын орындауы қажет», – деді Президент. Ол – мемлекетке тікелей бағынбайтын дербес орган. Оның басты функциясы – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту.