16:00Эфирде: «Загадай желание» кино
18:00Әрі қарай: «Большая игра» кино
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Жаппай бүлік кезінде Ақтөбеде 50-ге тарта адам жарақат алған

  • Категория: Қоғам
Жаппай бүлік кезінде Ақтөбеде 50-ге тарта адам жарақат алған

Күрделі операция жасалып, реанимация бөлімінде жатқандар да бар.

Облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасында 4 тәртіп сақшысы ем алып жатыр. Бүгін жаралылардың жағдайын өңір басшысы біліп, көңілдерін сұрады.

Бұл – бұзақылардың облыстық әкімдік ғимаратына шабуыл жасаған сәті. Лаңкестер полицейлер мен әскерилердің ескертуін елемей, орталық есікке лап қойды. Тас пен темір алып, тіпті қолдан жасалған жарылғыш заттармен де қаруланған. Сол жерден жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген полиция майоры Жасұлан Жексенбаев жарықшалардан жарақат алыпты.

Жасұлан Жексенбаев, қалалық ПБ ЖПҚ бастығы:

- Әкімшілікке баса көктеп кіре бастады. Сол кезде қалай болғанын білмеймін. Не жарылғанын білмеймін. Сол кезде құлағанымды білемін. Одан кейін есімді ауруханада жидым. Аяғымда сынық бар деді. Сосын башпайларды алып тастаған.

Отан алдындағы борышын Ақтөбе қаласында өтеуге келген Алматы облысының тумасы Василий Ларичевтің миы шайқалыпты. Қатардағы жауынгер әкімдік алдындағы алаңда қауіпсіздікті қамтамассыз етуге шыққандардың қатарында болған.

Василий Ларичев, қатардағы жауынгер:

- Бүлік басталғанда адамдар апыр-топыр жүрігіп, дым түсінбей қалдық. Себебі қою түтін тұмшалап алды. Бізге қарай түтінді жарылғыш бұйымдарын лақтырды. Сол сәтте басыма бір заттың тигенін түсіндім. Тізем бүгіліп, құлай қалдым.

Сәкен Қапанов, Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері:

- Түскен кезде екеуінің жағдайы нашар болды, реанимацияда болған. Бірақ қазір жағдайлары орташа ауырлықта. Операция жасалды. Жарақаттары – бас миының шайқалуы, сосын оқ жарақаты. Олардың барлығына операция жасалып, қазір жағдайы тұрақталды.

Қазір ауруханада 4 тәртіп сақшысы ем алып жатыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қызмет барысында жарақат алғандарға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі мәлімдеді. Ал қоғамда ылаң салып, бүлік шығарғандарға қатысты әкімшілік және қылмыстық іс қозғалады.

Оңдасын Оразалин, облыс әкімі:

- Полиция қызметкерлеріне тас атып, арматурамен ұрып, қару-жарақты қолданған. Соның нәтижесін өздерің көріп отырсыздар. Сол себепті осындай митингке қатысқан адамдардың барлығы да жауапқа тартылады.

Мансұр Есхожин, тілші:

- Өңірде қазір жағдай тұрақты. Орталық алаң мен әкімдік маңын полицейлер мен әскерилер қоршауға алған. Күдіктілерді анықтап, іздестіру шаралары әлі де болса жалғасып жатыр. Соңғы екі тәулікте 400-ден астам коменданттық режимін бұзған адам ұсталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Сондай-ақ...