Хабар телеарнасы

Елдегі ахуал тәртіп сақшыларының толық бақылауында тұр

Ахуал тәртіп сақшыларының толық бақылауында тұр. Қалаға  кіру және шығу жолдарының барлығына блокбекеттері қойылды. Одан өту тәртібі жөнінде Ердәулет Ыбырайұылы толығырақ тарқатады.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Біз «Нұр-Сұлтан-Қарағанды» тас жолы бойында орналасқан блокбекетке келдік. Бұл ­– көлік ағыны ең көп бағыттың бірі. Мұнда сағатына 200-500 дейінгі аралықта көліктер арлы-берлі қатынайды.

Оларды тексеру бойынша жергілікті полиция мен Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлім жауынгерлері жұмыс жасауда. Жалпы техниканың да  адамдардың өтуіне күндізгі уақытта еш кедергі жоқ. Бастысы айтылған нұсқаулықты орындасаңыз болды. Негізінен қалаға кіретін кезде көліктің іші, оның жүк салғышы күдік туғызған жағдайда адамдардың өздеріде тексеріледі. Осы уақытқа дейін суық қару, жанғыш және жарылғыш заттар табылмаған. Елордада түнгі 23:00-ден таңғы 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген. Сондықтан бұл кезде бекеттен тек транзиттік көліктер ғана өткізіледі. Басқаларының кіріп-шығуына рұқсат жоқ.   

Ержан Сәденов, қалалық Полиция департаментінің бастығы:

- Жалпы қала тұрғындарына айтарым, қоғамдық орындарға көп бармау, үйде отыру керек. Өз балаларыңның жүрген жерін қамтамасыз ету керек.

Айта кетейік, мұндай блокбекеттер қала бойынша алтау. Ол «Нұр-Сұлтан – Қарағанды» тас жолы. Сондай-ақ Көкшетау, Павлодар, Қосшы қаласы мен Қорғалжын, Астрахан бағытында орналасқан. Олардан өту үшін мынаны ескеру қажет. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Қалаға кірер және шығар кезде өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді және көліктің құжаттарында бірге ала жүргеніңіз дұрыс.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Нұрлан Малгелдинов