Хабар телеарнасы

Елдің біртұтастығына үрей үйірілгенде ҰҚШҰ күшіне неге иек артпасқа?

Осы күндері қазақстандық компаниялардың әлемдік қор биржасындағы құны арзандап кеткен. Мысалы, былтыр ғана Лондон қор нарығына шыққан Каспий компаниясының акциясы осы екі күнде 30% құлдырады. Экономистер осылай деп отыр. Ал саясаттанушылар: «Бейбіт митинг түрінде басталған қозғалыстың арты дәл мұндай масштабтағы басбұзарлыққа әкеліп соғуына, пиғылы арам сыртқы күштердің әсер еткені сөзсіз», ­– дейді. Сондықтан олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік күшіне жүгінуі орынды деп отыр.

Митингтің де өз мәдениеті бар. Жаңа жылдың екінші күні ереуілге шыққан топ сол мәдениетті сақтады да. Мүлікті қиратып, жаға жыртысқан жоқ. Талап қойды, соның орындалуын күтті. Бірақ бара-бара бұл қозғалыс күш жинап, бұқаралық сипатқа ие болды. Ал бұқарада ешқашан біркелкілік болмайды. Маңғыстаудан басталған бейбіт митинг еліміздің ең ірі мегаполисі Алматыға жеткенде ол массаның ішінде талабы бар, пиғылы тар адамдар да бар еді.

Жұлдызай Ысқақова, саясаттанушы:

- Бұл нөмірге деңгейі мен дәрежесі, пиғылы мен пейілі де сан түрлі адамдар қосылды. Олардың арасынан діни топтардың өкілдерін байқадық, кейін нағыз бандылық топтар келіп қосылды. Ал олардың әрекеті тонау мен қанауға әкеп соқты. Әрине, бұл нөпірдің арасында жүйесіз оппозиция да бар. Сыртқы күштер де тыныш отырмайды. Сондықтан, мұндай кезде нақты шешім қабылдау аса қажет. 

Нақты шешімді президент шұғыл қабылдады. Озбырлар қатардағы қазақстандықтарды қорлап, зорлап жатқанда ойланып-толғанатын уақыт та жоқ еді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаға лаңкестік әрекет деп баға беріп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларына бітімгерлік күш жіберуді сұрады. Осыдан 18 жыл бұрын көршілер бір-біріне әскери көмек көрсетуге келіскен. Ал елдің біртұтастығына үрей үйірілгенде мұндай ұйымның күшіне неге иек артпасқа?

Таисия Мармонтова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының профессоры:

- Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі мұндай келісімдерді басқаша айтсақ, жолдастық уағдаластық деуге болады. Біз қиналған тұста олар көмекке келеді, оларға қиын күн туса біз қол ұшын созамыз дегендей. Демек бұл жерде ешқандай қаржылық төлем де, өзге де есеп айырысу жоқ. Бітімгерлік күш келеді, реттейді, кейін ұшаққа отырып елдеріне қайтады. Ал біз алғыстан артық ештеңе айтпаймыз да, бермейміз де.

Қазақстандағы ахуалға қазір бар әлем көз тігіп отыр. Себебі осы жылдар ішінде Орталық Азиядағы ең тұрақты мемлекет ретінде танылдық, инвесторларға да сол үшін қолайлы едік. Елдегі ендігі жағдайға елеңдеп отырғандардың бірі – солар.

Осы күндері экономист Ғалымжан Айтқазин әлемдік қор нарығындағы қазақстандық компанияларды бақылап отыр, оның айтуынша, былтыр ғана Лондон қор нарығына шыққан Каспий компаниясының акциясы осы екі күнде 30% құлдырап кеткен.

Ғалымжан Айтқазин, экономист:

- Экономикалық тарихқа қарайтын болсақ, көптеген елдерде осындай жағдайлар кезінде әрине, облигациялар түседі, инвесторлар шошиды. Каспий мен Халық банк, «Қазатомпромды» айтып кетуге болады. Олардың Лондондағы бағалары құлап, тағы бір негативті әсері деуге болады.

Экономистер әсіресе Алматы үшін алаң. Бұл мегаполистің аймақтық ішкі өнімі тұтас Қырғызстанның ЖІӨ-мен деңгейлес екенін ескерсек, елеңдеуге негіз бар. Ал саясаттанушылар бүгінгі жағдай биліктің бұқарамен байланысы жоқ екенін тағы бір мәрте көрсетіп берді деп отыр. Сондықтан Президент айтқан саяси трасформацияны тездете түсу қажет деген пікірде. Олар бұл жолғы үкіметтің құрамы ең кем дегенде 70% жаңарады деген болжам да айтып отыр. Дегенмен, қазір маңыздысы бұл емес. Ең алдымен елдегі ахуалды реттеп алу қажет. Себебі қазақстандықтардың қауіпсіздігінен, ашық аспан мен бейбіт өмірден құнды ештеңе жоқ. Мұны біз білетін едік, енді түсіндік, түсіндірді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Гүлнәр Әміренова, Аманжол Байғазин, Тоқтар Терлікбаев