Хабар телеарнасы

Жаңадан сайланған ауыл әкімдері қалай жұмыс істеп жатыр?

Содан бері, міне, 5 ай өтті. Жұмысқа құлшына кіріскен әкімдер не тындырып үлгерді?

Марат Дәуенов Шығыстағы Ұлан ауданы Төлеген Тоқтаров ауылына бес-ақ ай бұрын әкім болып сайланды. Оған дейін аудан аппаратында заңгер болып қызмет істеген маманға бұл сала таңсық емес. Ауылда бұған дейін қабылданған бағдарламаларды іске асыруға бірден кіріскен. Сөйтіп, 2019 жылы басталған орталық су құбырын тарту жұмысының аяқталуына себепші болады. Қазір 400 адам игілігін көріп отыр.

Айтқазы Керебаев, Төлеген Тоқтаров ауылының тұрғыны:

- Қазір сол суды қолданып отырмыз. Енді бұрынғы қолданып жүрген суға қарағанда, мынаның суы да жұмсақ, дәмі де бөлек.

Ауылда тек ауызсу ғана емес, биыл жаңа бөбекжай да ашылды. Жергілікті кәсіпкер бұрынғы мектептің  ғимаратын бастан-аяқ жөндеуден өткізген. 160 бүлдіршінге шақталған мекемеге қазір ауылдағы 60-қа жуық бала барып жүр. 

Марат  Дәуенов, Төлеген Тоқтаров ауылдық округінің әкімі:

- Болашақта бұйыртса ауылымызға жол саламыз. Украинка ауылында жарықтандыру болады.

Ал Берік Ақбергенов Алға ауданының Үшқұдық селолық округінде 2018 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұған дейінгі жоспарланған жұмыстарды аяғына жеткізу үшін биыл тағы сайлауға түскен. Сөйтіп, үш үміткердің арасында ең көп дауыс жинап, жеңіске жетеді. Аз уақыттың ішінде балабақша ашып, 26 миллион теңгеге ауылдағы орта мектепті жөндейді.

Берік Ақбергенов, Үшқұдық селолық округінің әкімі:

- Болашақта осы Үшқұдық ауылдық округін облыстағы үздік ауылдардың қатарына кіргізу арманым бар. Сондықтан күні кеше ғана Үшқұдық ауылында облыстық бірінші пилоттық жобадағы «Аббаттандырылған ауыл 2021» деген форум өтті. Сол форумда алға қойған жоспарлар болашақта орындалады деген үміттемін.

Қарағанды облысындағы ең жас әкім Расул Қасенхан ең шалғай ауылдардың біріне әкім болып сайланды. Содан бері қала баласы қайтсем де ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартамын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Алғашқы иығына түскен ауыр жүк – су мәселесі.

Расул Қасенхан, Гүлшат ауылының әкімі:

- Мынау Балқаш көлінен Гүлшат ауылына дейін су құбыры орналастырылған. Жарты құбырды бюджеттік қаражатқа ауыстырып, қалған 3,5 шақырымы күн электр станциясының демеушілік есебінен ауыстырылған болатын. Енді келесі жылдан бастап күнара беретіндей қылып, тал суғаруға, малға беруге деп шешіледі.

Ауылда жастарды тұрақтандыру үшін, ең алдымен, кенттегі әлеуметтік жағдайды жақсарту қажет. Қазір жас әкім елді мекен жанындағы байырғы кеніштердің жұмысын жандандыруға күш салып жатыр.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Осылайша, ел тарихындағы ең алғашқы ауыл әкімдерінің сайлауы өз жемісін беріп жатыр. Тұрғындар таңдаған адамына талап қойып, жылдар бойы қордалаған жұмыстар қолға алынған. Айта кетейік, Қазақстан бойынша 730 елді мекеннің әкімі сайланды. Сарапшылар мұны еліміздегі саяси жүйенің кемелдене бастауы, әрі қоғамның демократиялық дамуындағы елеулі қадам деп баға берді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев