Хабар телеарнасы

Жұмыла көтерген жүк жеңіл: қуаңшылық кезінде қазақстандықтар қалай көмектесті?

Төрт түлігімен күн көріп отырған қарапайым шаруалар малынан айырып жатқанда, түркістандық Құрмет Талапқазы бастама көтерді. Мыңдаған тонна шөп вагондарға тиеліп, қуаңшылық қыспаққа алған аймаққа жіберілді.

Осылайша халықтың ауызбіршілігінің арқасында мыңдаған мал жұттан аман қалды. Атқарушы билік те нақты іске көшті. Үкімет резервінен бөлінген 1,9 млрд теңгенің 1 млрд 248 млны 7,5 мың шаруа қожалығына бірреттік көмек ретінде берілді. Бүгінде Маңғыстау өңірінде қысқы қорға жиналған жем-шөп нарықта 15% арзан бағамен сатылымға шығарылды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қазақ амандық сұрағанда «Мал-жан аман ба?» дейді. Ондағысы малың аман болса, жаның да жадыраңқы болады дегенді білдіреді. Сондықтан халқымыз ежелден мал шаруашылығын ата кәсібіне балаған. Биылғы жыл қуаңшылығымен Маңғыстау халқының есінде қалады. Малшылардың қиын жағдайдан шығуына қазақстандықтар жұмыла көмектесті. Соның нәтижесі мынау. Ақшұқыр ауылындағы жем-шөп базасында 19 тонна мал азығы жиналды. Қуантарлығы, мұндай базалар өңірдің барлық ауданында, әр аудандағы бірнеше елді мекенде бар.

Фермер Қадырғали Мәдиев биылғы жазда бірнеше ірі қарасын жоғалтты. Қазір қолда бар түлікті қорадан шығармай, бағып отыр. Үкіметтен аналық мал басына берілетін бір реттік көмекті алғанын айтады. Жаз бойы арзан бағамен ұсынылған мал азығын шамасы жеткенше сатып алып, қысқа қор жинаған.

Қадырғали Мәдиев, фермер:

- Аздаған жем-шөбім бар, әлі де алғымыз келеді. Елге осылай үкіметтің көмегімен арзандатып берсе, біржолғы көмекті қайталаса, қыстан аман шығамыз деп ойлаймын.

Маңғыстаулық малшылардың қиын жағдайдан шығуына әр облыстан еріктілер қол ұшын созды. Күн суытқанға дейін Атырау, Ақтөбе, Оралдағы шабындық жерлерге 15 мыңдай мал айдалды. Ал түркістандық Құрмет Талапқазының бастамасымен оңтүстік аймақтарда тұрғындар аптап ыстықта қамыс-шөп шауып, теміржол арқылы батысқа жөнелтті.

Құрмет Талапқазы, ерікті:

- Аға-бауырлар елдік қасиетін көрсетіп жатыр. Қазақтың жігіті істеуге тиіс тірлік қой бұл.

Ақыл Бибазар, Алматы қаласының тұрғыны:

- Маңғыстауда малдың қырылып жатқанын көргенбіз. Енді бір қазақ қиналып жатқанда, мың қазақ жабылсақ деген ниетіміз бар.

Мұратбек Солтанбай, Талдықорған қаласының тұрғыны:

- Әлеуметтік желіден көрдім. Келе салып, шөп оруға кірістік, орылғанын жинасуға көмектестім.

Биыл Маңғыстауға өзге аймақтардан мал азығын жіберу үшін теміржол тарифі 75% төмендеді. Нәтижесінде, өңірге 1907 вагон жем-шөп жетті. Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облысында 130 мың гектар аумақта шөп шабуға рұқсат берілді. Осы өңірлерге өз көлігімен барған маңғыстаулықтарға 4 мың түк шөп тегін таратылды.

Қазбек Тәшімов, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Операторларға шекті баға белгіленді. Яғни 1 кг шөпті 65 теңгеден асырмауға тиісті. Сонымен қатар жемнің, кебектің бағасын 101 теңгеден артық сатпауға тиісті. Күні бүгінге одан да арзан сатылып жатқан жағдайлар бар. 20 килограмдық кебек 1900 теңгеден, яғни киллограмы 95 теңгеден сатылып жатыр.

Маңғыстауда қысқы мал азығы қорына 77 мың тонна шөп, 53 мың тонна жем керек. Қазір шөптің 98%, жемнің 84% жиналды. Аймақта тіркелген мал басы 653 мың. Соның 112 мыңы жылқы, 80 мың түйе, 39 мың сиыр, қалғаны қой-ешкі.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қорыта айтқанда, биылғы қуаңшылық баршаға ортақ сын болды. Халқымыздың бірлігінің арқасында оны да еңсердік. Енді мақсат – төрт түлікті қыстан аман алып шығу. Оған мал азығы қоры да жеткілікті.

Авторы: Талғат Исламұлы