Хабар телеарнасы

СҚО-дағы Гончаровка елді мекенінің тұрғындарына таза су берілді

Шамамен бір айдан астам уақыт бұрын біздің арнаның тілшілері аталған ауылға барып, «Соколов топтық су» құбырының жөндеу жұмыстары тым ұзаққа созылып кеткені жайында материал жасаған еді. Осының арқасында қарапайым халықтың жан айқайы жоғарыға жетіп, оң шешімін тапты.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Гончаровка ауылы облыс орталығынан небәрі 50 шақырымдай ғана жерде орналасқан. Бүгінде мұнда 40-қа тарта үй түтін түтетіп отыр. Осы уақытқа дейін тұрғындар суды Есіл өзенінен тасып ішетін еді. Жақында мында таза тіршілік нәрі жетті. 

Алтынай Дәуренбекова судың да сұрауы бар екенін жақсы түсінеді. Себебі ол ауылдағы ағайын осы күнге дейін амалдың жоқтығынан өзеннің лас суымен өзегін жалғап келгенін айтады. Әйтеуір биыл көптен күткен арманы орындалды. Бірден кір жуатын машина алып, қолы ұзарды. Тіпті үйге су жылытатын қондырғы орнатып алған.

Алтынай Дәуренбекова, Гончаровка ауылының тұрғыны:

- Су қазір бар. Қуанамыз, әрине. Су болған соң, тамақ та пісіруге, не істесең де су бар. Су таза. Жолдасымыз екеуміз бес литрлік ыдыстарға су құйып, тазалығын тексердік. Сулар таза болып шықты. Әдейі екі күн ұстадық. Таза әрі дәмді.

Таза ауызсу мәселесін шешу үшін осыдан бірнеше жыл бұрын «Соколов» топтық су құбырында қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді. Бірақ жоба сақалды құрылысқа айналып, ұзаққа созылды. Біздің арна тілшілері осы туралы жасаған материалдан кейін сұрақ оң шешімін тапты.

Анастасия Глухова, Гончаровка ауылының тұрғыны:

- Телеарнадан журналистер келіп, біздің мәселемізді бүкіл республикаға жария етті. Содан соң ғана тиісті жұмыстар басталды. Бірден жауапты мамандар келіп, құбырларды тексеріп осы желтоқсан айының ортасында су берді. Осы үшін «Хабар» арнасына алғыс білдіреміз.

«Судың жоқтығына қарамастан ауылдан ешкім көшпеді. Керісінше енді мұнда қоныс аударамын дегендердің саны артуы мүмкін», – дейді ауыл әкімі. 

Аяс Дәуренбеков, Берёзовка ауылдық округінің әкімі:

- Бәрі кір жуғыш машинасын алып жатыр. Көбі душ қоямыз деп жатыр. Халық өте риза. Тағы екі ауыл – Барневка мен Большая малышка қалды. Енді 2022 жылы сметаларға өзгерістер енгізді. Сол 2022 жылы су береміз деп «Есіл су»- дан хабар келді. 

Дегенмен өңірде таза су – күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе. Өйткені жергілікті биліктің алдында 200-ден астам елді мекенді тіршілік нәрімен қамту міндеті тұр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев