Хабар телеарнасы

Ақтөбеде ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын жаңа мәдени-рухани кешен ашылды

Бүгінде ұмыт қалып, қолданыс аясы тарылған қолөнер туындыларын да орталықтан табуға болады. Жаңа жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қазақи құндылықтарды кеңінен дәріптеуге бағытталған.

Бұлбұл Кәпқызы ­– ұлттық өнерді қайта жаңғыртып, ұмыт қалған дәстүрді көпке насихаттап жүрген жандардың бірі. Батыс өңірде жаңа мәдени орталықтың ашылатынын естіп, Алматыдан арнайы келген. Жергілікті қолөнер шеберлерімен танысып, жастарға шеберлік сағатын өткізуді көздейді.

Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:

- Халық өнерге қатты шөлдеп тұр екен. Жалпы барлығы «біздің әжеміз жасаған еді», «анамыз жасаған еді» деп келіп жатқан адамдар баршылық. Үйренейін деген жастар бар. Олар өнерге қызығады екен, соны байқадым. Сондықтан айына бір рет болса да келіп, осы өнердің барлық саласынан, барлық түрлерін үйретуге бел шешіп тұрмын.

Қолөнермен қатар бұл орталықта ұлттық киім үлгілерімен де танысуға болады. Мәселен, «Қазақ хандығы» фильмі костюмдерінің суретшісі Ажар Әубәкірова кешенге арнап бірнеше эскиз әзірлеген. Ұлттық нақышта безендірілген қалыңдықтың сәукелесі мен ер азаматтың шапаны сияқты бұйымдарды бұл жерде тамашалап қана қоймай, киіп те көруге болады. Ал бірнеше үлгіде жасалған киіз үй мен жиһаз да тарихтың тұңғиығынан сыр шертеді.

Күлшат Масалимова, жоба авторы:

- Қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті өте бай. Біз соның тек кішкентай ғана бөлігін көрсеттік. Мынау киізден жасалған бұйымдар мен тоқылған ши, басқұр, кереге. Барлығының да өз тарихы мен мән-мағынасы бар. Біздің киіз үйдің өзі тұнып тұрған филосифия. Ерекшелігімізде де, мәдениетіміз де сол.

Мәдени-рухани кешенде қазақтың дастарханынан дәм татып, домбыра, қобыз, сыбызғы, саз-сырнай сияқты ұлттық аспаптардың әуезді үнін тыңдауға болады. Ал алдағы уақытта орталықта қолөнер шеберлеріне арналған бөлмелер жасақталмақ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков