05:02Эфирде: Кино «Тендер»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Елімізде Тәуелсіздік жылдары 500-ден аса жаңа кәсіпорын ашылды

  • Категория: Қоғам
Елімізде Тәуелсіздік жылдары 500-ден аса жаңа кәсіпорын ашылды

Олардың қатарында қорғаныс өнеркәсібі, көлік құрастыру мен ауыл шаруашылығы техникасын жасау және медицина саласына қажет импланттарды шығару кәсіпорындары бар.

Дені индустрияландырудың алғашқы 5 жылдығында қабылданған жобалар негізінде жүзеге асты. Нәтижесінде қазір «Қазақстанда жасалған» деген брендпен әлемнің 131 еліне отандық өнім экспортталады.

Соңғы 30 жылда Сыр өңірінде іске асқан ірі жобалардың бірі – шыны шығаратын зауыт. Шетелдік қондырғылармен жабдықталған өндіріс ошағында 200-дей адам тұрақты жұмысқа орналасты. Зауытта өндірілген шынының 30%-і экспортталады. Негізгі өндірістік желіден бөлек, композит, айна шығаратын қосымша цехтардың да ашылуы жоспарланып отыр. Ол кезде зауыттағы жұмысшылардың саны 500 адамға дейін көбеймек. Ең қажетті мамандар іріктеліп, Қытайға барып, біліктілігін арттырады.

Нұрберген Құдасов, инженер-технолог:

- Алғашқы шыны 2022 жылдың сәуір айында шығады. Одан кейін шыны бөтелкелерін шығару процесі, технология заманы болғандықтан, телефон, планшеттердің бетіне арнайы шыныларды шығару, машиналардың әйнектері шығару сияқты келесі жобалар дайын тұр.

Соңғы екі жылда әлемге тараған пандемия бүкіл елдің экономикасына кері әсер етті. Бірақ соған қарамастан Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі бұрынғы деңгейін сақтап қалды. Мәселен, 2020 жылы бұл салада 2 триллион теңгенің өнімі өндірілген.

Оралдағы «Зенит» зауытының жұмысшылары кезекті ірі жобаны бастады. Су ығыстыру салмағы 750 тонна болатын бұл әскери су көлігі 2025 жылы пайдалануға берілмек. Зауытта бұған дейін су ығыстыру салмағы 400 тоннаға дейінгі кемелер құрасытырылған. Ол су көліктері Каспий теңізінің жағалау күзетінде. Жалпы тәуелсіздік жылдарында бұл зауытта 34 су көлігі құрыстырылған.

Вячеслав Хамзиев, «Зенит» зауытының бас директоры:

- Қазақстанның теңізде шектесетін шекарасы барын ескеріп, біз әскери теңіз флотына қажетті өнім өндіруді ұсындық. 1993 жылдан бастап осы іске шындап кірістік. Осылайша, «Сұңқар», «Бүркіт», «Барыс» үлгісіндегі кемелер мен жылдам жүзетін катерлер құрастырылды.

Өскемендегі техникалық университеттің ғалымдары жасаған импланттар   клиникалық тексеруден өтіп жатыр. Ғалымдар бүгінге дейін адамның аяқ-қол, бел омыртқасына салынатын импланттың 11 түрін жасады. Қазір медицина саласына қажетті импланттар шет елден алынады. Өскемендік ғалымдардың жасаған импланттары бұған дейін сынақтың бірнеше түрінен сәтті өтті.

Бағдат Азаматов, Техникалық университеттің ғылыми қызметкері:

- Біздің мақсатымыз – оларға имплант жасау. Олардың мақсаты – клиникаға дейін және одан кейінгі сынақтарды өткізу. «Омыртқаралық кейдж» деген бар. Сондайдың 35 данасын жасап, травматология орталығына бердік. Олар үш адамға орнатылды.  

Орнатылған импланттар дұрыс нәтиже берсе, отандық ғалымдар өнімін патенттейді. Дегенмен Қазақстан медициналық импланттарды Франция, Германия, Польша сияқты мемлекеттерден сатып алады.

Шырақ Шәкенов, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті салааралық үйлестіру басқармасының сарапшысы:

- 2025 жылға дейін 100 мыңға жуық жаңа  жұмыс орны ашылмақ.  Ол  үшін жалпы сомасы 12 трлн теңгеге жуық 400-ден астам индустриялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Мәселен, Жамбыл облысында жылдық  өнімділігі 1 млн тонна болатын азот-фосфоры мен минералды тыңайтқыштар өндіру кешендері салынады.

Соңғы 10 жылда жалпы ел бойынша жаңадан ірілі-ұсақты 1,5 мыңға жуық кәсіпорын ашылған. Қазір онда 220 мың адам жұмыс істейді. Ал 2025 жылға дейін тағы бірқатар ірі өндірісті ашу жоспарланап отыр.

Авторы: Олжас Керейхан

Сондай-ақ...