Хабар телеарнасы

Таразда мұқтаж жандарға қазақтың дәстүрімен тегін баспана берілді

Өңірде дәл осы бастамамен былтыр 100-ге жуық отбасы үйлі болған еді. Биыл жыл соңына дейін 130 үй үлестірілмек. Мүмкіндігі шектеулі жандар да мерекелік тартудан тыс қалмады.

Биыл Тараздағы «Шалғай Қарасу» тұрғын үй алқабында «Асар» жобасымен 15 үйдің құрылысы басталған еді. Жаздай құрылыс жүріп қазір жартысының жұмысы бітті. Шағын ауласы бар үш бөлмелі баспаналар 7 отбасыға берілді. Қоныс тойын тойлағандардың қатарында Гүлмира Ұзақбаева да бар. Көпбалалы ана 10 жылға жуық уақыт үй кезегінде тұрған. 

Гүлмира Ұзақбаева, көпбалалы ана:

- Үйдің кезегінде тұрғанмын. Арманыма жеттім. Әкімдерге, демеушілерге алғыс айтамын.

«Асар» жобасымен былтыр 99 отбасы баспаналы болған. Биыл 130 үй салу жоспарланып, оның 75-нің құрылысы біткен. Қазір шетінен мұқтаж жандарға беріліп жатыр. Қалғаны жыл соңына дейін аяқталады.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- «Асардың» тағы бір ерекшелігі – тек қана мына үйлерді салып қоймайды, осы біздің елдің тұрғындарын тірлікке, ынтымаққа, бір-біріне деген қамқорлыққа жетектейді. Тек қана біздің ұлттың емес, басқа да ұлт өкілдерінің басын біріктіреді. Облыс басшылығының атынан құрылысқа қатысқан демеушілерге әсіресе кәсіпкерлерге, құрылысшыларға үлкен рақмет айтамын.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандар да қуанышқа кенелді. «Инватакси» қызметі арнайы автокөлікпен толықты. Бұған дейін қызметтің бұл түріне мұқтаж азаматтарды 6 көлік тасымалдап келген еді. Енді тағы 2 су жаңа көлік сатып алынды. Бұл мүгедек жандардың қолын ұзартып, инватакси жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.

Айта кету керек, келесі жылы Таразда Иппотерапия орталығы ашылмақ. Қазір ғимаратының құрылысы жүріп жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә