Хабар телеарнасы

Ақтөбеде еңбегімен еленген азаматтарға «Жыл адамы 2021» сыйлығы табысталды

Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай «Жыл адамы 2021» сыйлығы табысталды. Биыл бұл атаққа өңірдің алты тұрғыны лайық деп танылған.

Салтанатты шарада Тәуелсіздіктің 30 жылында қол жеткізген жетістіктер айтылып, өнерпаздар тарихи кезеңдерден қойылым ұсынды.

Полиция инспекторы Мұратбек Нұрмағамбетов Ақтөбенің «Жыл адамы» атанды. Тәртіп сақшысы қатерге басын тігіп, жалын құшағынан адамды аман алып қалған. Төтенше жағдай ақпан айында Қарғалы шағын ауданында болды. Будақтаған қою түтін мен өртте шарпыған жертөле ішінен көтеріп шығыпты.

Мұратбек Нұрмағамбетов, полиция инспекторы:

- Күнделікті жұмыста осындай оқиғалар болып тұрады. Соның ішінде адамның өмірімен байланысты. Сондықтан да кейде полиция қызметкерлеріне ойлануға да уақыт болмайды. Тез арада шешім қабылдау – біздің міндетіміз. Әрбір полиция қызметкері менің орнымда болғанда осындай әрекетке барар еді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Жыл адамы» атағы тағы бес азаматқа табысталды. Бірі белең алған қатерлі дертпен күнделікті күресіп жүрген дәрігер болса, басқалары – қайырымдылығымен көзге түсіп, көптің алғысын алып жүрген жандар. Облыс басшысы өз сөзінде бүгінгі жетістіктердің көшбасшысы, егемендіктің мызғымас қазығы – Тұңғыш Президент екеніне тоқталып өтті. 

Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:

- Енді ғана егемендік алған елдің тізгініне ие болу, оны аяғына нық тұрған елге айналдыру – салмағы өлшеусіз сынақ. Ондай сыннан сүрінбей өту – мыңның біріне ғана бұйырған бақ. Н.Ә. Назарбаев төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды қалықтатты. Ана тіліміздің әуезді үнін БҰҰ мінберінен бүкіл әлемге естіртті. Тұңғыш Президент өзінің тума талантымен саяси шеберлігін көрсетті.

Егемен елдігіміздің жаһанға паш етіп шекараны нығайту, ядролық қару-жарақтан бас тартып бейбіт атом энергетикасына бет бұру, көпұлтты зайырлы мемлекет құру сияқты тарихи кезеңдер салтанатты концерттік бағдарламада орын тапты. Көрермен залындағы аға буын өкілдері өткенді еске алса, өскелең ұрпақ үшін тағылымды сабақ болды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов