Хабар телеарнасы

Атырау облысының шаруалары мал басын асылдандыруға кірісіп кетті

Атырау облысының шаруалары мал басын асылдандыруға кірісіп кетті

Сол себепті шаруашылықтар шығыны аз, өнімі мол түлік түрлерін көбейтпек. Өткен екі жылда облыстағы 12 құрылым асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие болған. Әсіресе қысқа төзімді қазақтың «ақбас» тұқымды сиыры мен жергілікті «еділбай» қойына қызығушылық артқан.

Табын сиыр құмды шағылды бойлап жайылып жүр. Қар түскелі ірі қараға су да керек емес секілді. Бақташылар мотоциклмен барып, қарап кететіні болмаса, басқа бейнеттен құтылған.

Манарбек Төлепов, малшы:

- Бұлар сәуір айында бұзаулайтын болған соң, қыс бойы даладан шығады. «Ақбастың» бір жақсы қасиеті – қысқа төзімді мал. Жем-шөпке де көп ауыртпашылық түсірмейді.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- «Өрісін тапсаң, мал өсер» деген. Бір кезде осы араға әкелінген 200 бас баспақ қашар бүгінде бір табын сиырға айналған. Түгін тартсаң, майы шығатын құмды шағылдың жиегі қашан да, қандай малға болса да жақсы қоныс болғалы тұр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қақаған қысқа қарамай ірі қара далада жайылып жүр.

«Айбас» құмының қойнауындағы екі фермада бұрын 50 мыңнан астам қой мен екі табын сиыр еркін қыстайтын. Кейін ол жайылымдар бос қалған. Мемлекет қолдауына сүйенген шаруашылықтар қайтадан қырға шығып, атакәсіпті жандандыруға көшті. Себебі елімізде ет-сүтке деген сұраныс жыл санап артып келеді.

Жайлыбек Ғалымжанов, бақташы:

- Ет бағытында өсірілген сиыр пайда болады ғой, бірақ оны сатуға ыңғайланып отырған жоқпыз. Қазір тек мал басын көбейтіп жатырмыз. Бұл сиырды 1 мыңға жеткізуге одан да асыруға болады. Жер жақсы.

Шекара бойындағы аймақта 635 шаруа қожалығы болса, оның 18-і асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Себебі шығыны аз, пайдасы мол. Айталық, мына ет бағытындағы қазақтың «ақбас сиырының тайөгізі 550-600 келі ет береді. Ал «еділбай» қойының ісектері 50-60 келіні еркін еңсереді. Мемлекет тарапынан да қолдау көп. Өткен он айда осы аудандағы мал тұқымын асылдандырып және түрлендіру жұмыстарын жүргізген шаруашылықтарға 146 млн теңге субсидия берілген.

Асқар Мұфтах,  аудандық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Аудан бойынша мал басы былтырғы кезеңмен салыстырғанда қой-ешкі 1,5%, жылқы 7%, ал сиыр мен түйе 6%-ке өсіп отыр. Үкімет тарапынан беріліп жатқан үлкен көмекке байланысты шаруалар осы мал тұқымын асылдандыру жөнінде жұмыстармен айналысуда.

Бүгінде мұнайлы өңірдегі Құрманғазы, Қызылқоға және Жылыой аудандарының шаруалары мал басын асылдандыруға ден қойған. Санын емес, сапасын арттыруға ынталы. Тек өткен екі жылда облыста 12 шаруашылық асыл тұқымды мал өсіретін кешенге айналды. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов