Хабар телеарнасы

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 35% төмендеді

«Кәсіпкерлерге жеңілдетілген қарыз беру арқылы бағаны ауыздақтаймыз», - дейді қала әкімдігінің өкілдері.

Жаңа жыл қарсаңында қалада азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттап кететіні белгілі. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін Алматы қаласының әкімдігі белсенді жұмыс жүргізуде. Қаладағы ірі сауда орталықтары ғана емес жергілікті халық көптеп баратын арнайы базарларда әлеуметтік сауда нүктелері ашылып, әкімшілік кәсіпкерлермен ұзақмерзімді келісімшартқа отырды.

Еркебұлан Оразалин, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы:

- Биылғы жылдың басынан бастап алдын ала 22 мың тоннаға заказ берген болатынбыз. Негізгі біздің сауда орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Бірінші кезекте Magnum. Одан кейін күзде көкіністер қымбаттаған кезде Павлодарға барып, қосымша тағы да 6 мың тоннаға келісімшартқа отырғанбыз.

Азық- түлік бағасының төмендеуінен кәсіпкерлер ешқандай зардап шекпейді. Ол үшін арнайы «айналым сызбасы» жасалған. Яғни кәсіпкер жеңілдетілген несие алып әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті белгіленген бағамен ғана сатады. Содан кейін бөлінген ақша қала бюджетіне қайтарылады. Нәтижесінде, 60 мың тонна азық-түлік бағасы тұрақты тұр. Бұл қала бойынша бағаны 35% төмендетуге мүмкіндік берді.

Айман Қалиева, қала тұрғыны:

- Біздің ауданымызда осындай төмен бағада ет сататын әлеуметтік дүкен ашылды. Өте керемет. Қолжетімді. Еттері 2050 теңгеден. Фарштары да жақсы. Өзім ашылғалы үнемі осы жерден аламын.    

Әлеуметтік сауда нүктелерінде сиырдың жауырын, төс етінің бағасы 2050 теңгеден аспайды. Ал картоптың бағасы 102 мен 120 теңгенің арасында. Егер саудагерлер бағаны негізсіз көтеретін болса, жауапкершілікке тартылады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы