Хабар телеарнасы

ҚР АШМ: алдағы 7-8 жылда еліміздегі қой саны 30 млн-ға жетеді

Алдағы 7-8 жылда еліміздегі қой саны 30 млн-ға жетеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай болжам жасап отыр. Айтуларынша, жылдық өсім 3% төңірегінде болады. Мұны шопандар да растап отыр. «Бірақ біздің меже бұл емес», – дейді олар. Тәуелсіздік жылдарында сала құлдырап барып, аяқтан тұрды.

90 жылдары  Қазақстанда 36 млн ұсақ мал болған. Шаруашылықтар тараған соң, дұрыс баға алмадық, әлде қойды көп жедік пе, 2000 жылы оның саны 10 млн-ға бір-ақ түсті. Қазіргі есеп бойынша 20 млн-ға жетіпті. Елімізде қойдың 24 түрі өсіріледі. Соның 5-6-уы ғана асыл тұқымды әрі жоғары сұранысқа ие.

Жеңісбек Кәрібаев – атакәсіптің көзін тапқандардың бірі. Жоспарын жүзеге асыру үшін Тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте оншақты қой алып, шопандыққа бет бұрады. Міне, соның бүгінгі нәтижесі. Бәріне өз күшімен жеткен. Етті былай қойғанда, жүнін де кәдеге жаратуда.

Жеңісбек Кәрібаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Қазір киіз бастырып отырмын. Ұсақ-түйек тауарларға айналдырып, ұлтарақ жасаудамын. Киіздің қалыңдығын 2-3 мм жасап, шапан тігу ойымызда бар.

Жалпы қазір қоймен айналысамын деушілер үшін арнайы қолдау тетіктері қарастырылған. Субсидияны айтып тұрмыз. Ол барлық шығыныңызды жаппас, дегенмен тұралап қалмауыңызға сеп.  

Бақытжан Момбеков, ҚР АШМ басқарма басшысы:

- Асыл тұқымды малдарды ұстауға 4000 теңге бір басына, тауарлық малға  – 2500. Импортталған асыл тұқымды қой сатып алғанға 30 мың теңге субсидия. Асыл тұқымды қошқар сатып алғанға 150 мыңға биыл көтерілді.

Мал басын асылдандыру жақсы. Шаруалар: «Ендігі кезекте одан көретін пайданы арттырудың тетігі жасалса», – дейді.

Жеңісбек Кәрібаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Араб елі осымен төртінші жыл зерттеп жүр. Бірақ оған дүниежүзілік деңгейдегі зертхана керек. Ол облыста жоқ. Маман жоқ. Оның бәрі ағылшын тілінде жазылу керек. Алдағы 3-4 жылға жоспар жоқ, тек қана өсірумен келе жатырмыз.

Елімізде қой еті экспортқа шығарылып жатыр. Бірақ барлық өңірден емес әрі тұрақты жөнелту жүйесі құрылмаған. Ал оның бәрін ұйымдастыруға жекелеген шаруаның шамасы келмейді. Бұл түйткіл шешілсе, кім білсін, қой бақсам деген жастар көбейер ме еді?

Жеңісбек Кәрібаев, шаруа қожалығының жетекшісі: 

- Кешкі сағат 20:00-ге дейін мұның артында жүру керек. Біздің жастар осы қиындықтан қашады. Ал негізінде еттің бағасы қазір өсіп келеді. Шетелде мен өзім Кореяда болдым, бір келі бөлшек саудадағы бағасы қазір 37 мың теңге. Бізде бар-жоғы – ­2000 мың теңге.

Шетелде сиыр еті де біздегіге қарағанда әлдеқайда қымбат. Осыны аңғарған үкімет 2010 жылдары ірі қараны асылдандыруға пәрмен берді және тиісті қолдау көрсетті. Қой сол кезде тасада қалып қойды. Содан әлі шыға алмай келеміз. Әтпесе бұл саланың да мықты майталмандары өзімізде жетерлік. 

Айбын Төреханов, Ұлттық аграрлық ғылым және білім беру орталығының басқарушы директоры:

- Қазір қой тұқымын жақсарту бағытында жұмыс істеп жүрген ғалымдар бар. Үлкен буын, орта буын, кейінгі буын соңғы кезде қатысып жүр. Осы қой шаруашылығын дамытуыға атсалысайық десек, біздің ғалымдар толық кірісуге ынталы деп ойлаймын.

Айта кетейік, қой тақырыбына жеке тоқтауымыз бекер емес. Қазір оның саны 20 млн деп ауыз толтыра айтқанымыз болмаса, әр қазақстандықққа біреуден ғана келеді.

Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы