Хабар телеарнасы

Шалғайдағы ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады

Республикалық ғарыштық байланыс орталығы жарты жыл бұрын SES компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. 

Аталған компания бүгінде жер шарының 1 млрд тұрғынын байланыс жүйесімен қамтамасыз етіп отыр. Ол әлемдегі ең ірі телекоммуникациялық компаниялар мен круиздік кемелерге де интернет таратады.

Компания Қазақстанның шалғай елді мекендерін интернетке қосуды қамтамасыз ететін спутниктік жобасын таныстырды.

Алматы облысының шалғайда жатқан Ақтерек, Беріктас ауылдары енді жылдамдығы жоғары интернеттің игілігін көретін болды. SES компаниясы демо-жобаның аясында спутниктік желіні алғаш боп осы елді мекендерге орнатты. Ауыл тұрғындары астанаға тікелей байланысқа шығып, интернеттің жылдамдығын өздері сынақтан өткізді. Сапасына көңілі толып отыр. 

Мәлік Олжабеков, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Қазіргі күні елімізде мүлде интернет тартылмаған 617 елді мекен бар. Біздің мақсатымыз – спутниктік технологияларды қолдана отырып, аталған ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету. Шамамен 3 айдай осы спутниктік жүйені сынақтан өткіземіз. Техникалық мүмкіндігін, қызмет көрсету құнын ескере отырып, одан әрі қарай қолданысқа енгізу мәселесін қарастырамыз.

SES компаниясы өзінің mPOWER спутниктер жүйесін жер бетінен бар болғаны 8 мың шақырым биіктікке орналастырған. Сондықтан секундына бірнеше гигабит жылдамдықтағы кең жолақты интернет ұсына алады. Байланыста ақау мүлде болмайды.

Сандип Джалан, SES компаниясының қаржы директоры:

- Қазақстандағы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыруда бұл жобаның маңызы өте зор. Біздің спутник арқылы кез келген аумақты, мысалы, таулы аймақтар мен жазық даланы интернетпен қамтамасыз етуге болады. Тұрғындар 3G,  4G және 5G байланыс қызметін пайдалана алады. Бұл Қазақстанның ауыл-аймақтарына интернет қосудағы алғашқы қадамымыз. Болашақта Орталық Азияда арнайы база құруды жоспарлап отырмыз.

Қазіргі кезде компания Жер орбитасы маңында 20 спутникті пайдаланады. Ал 2022 жылы соңғы буындағы О3b mPOWER спутнигін ұшыруды бастайды. Бұл интернеттің асқан жылдамдықпен және үзіліссіз жұмыс істеуіне ықпал етеді.

Авторы: Шынар Асанқызы