Хабар телеарнасы

Атырау облысында бір жылда 24 мың адамға жұмыс орны ашылды

Атап айтқанда, мұнай-химия кешені мен мұнай-газ өнеркәсібіне қатысты жобаларда мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Сондай-ақ жергілікті биліктің қолдауымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік бағдарламалар да өз жемісін бере бастаған.

Орынбасар Тотанов жұмыспен қамту орталығымен байланысын үзбейді. Жасы егде тартқан азамат ауыр жұмысқа жарамағандықтан, өзі қолынан келетін кәсіпті осы жерден тауып жүр. Жұмыс болмаған кезде орталық жәрдемақы тағайындайды. Тек ерінбей тіркеліп, құжаттарыңызды уақытылы рәсімдеп отыру керек. 

Орынбасар Тотанов, қала тұрғыны:

- Жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасуға келдім. Осы айдың 12-лерінде босап қалғам, міне, келіп отырмын. Жұмыстарына көңілім толады.

Биыл Орынбасар секілді 24 мыңға тарта адам орталық арқылы еңбекке тартылған. Оның 12 мыңы – тұрақты жұмыс. Сондай-ақ өңірде жүзеге асып жатқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тағы да 28 мың тұрғын қайта даярлықтан өтіпті. Осылайша, бағдарлама нәтижелі жүзеге асқан.

Азамат Мамбетов, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Бұл жобаға 4,2 млрд теңге бөлініп отыр. Облыста жеті инфрақұрылым жобасы жүргізіледі. Оның басым бөлігі – мектеп құрылысы. Бұған 297 жұмыс орнын аштық. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту бағытында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мыңға жуық адамды «Бастау» бизнес жобасы бойынша  оқудан өткіздік.

Келер жылы мұнай-газ өнеркәсібіне 14 мыңдай жұмыс күші керек. Қазір азаматтарды жаңа кәсіпке машықтандыру қолға алынуда. Өңірдегі орта кәсіби бағдар беретін оқу орындары 35 мамандық бойынша маман дайындауға кірісті.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов