Хабар телеарнасы

Ақтөбеліктер елорда тұрғындарымен цифрлық портал арқылы жүздесе алады

Онлайн жүйеде қызмет көрсететін бейнекамералар дәл сол сәтті көрсетуге қауқарлы. Осылайша, заманауи құрылғы 1 мың 500 шақырым қашықтықты жақындатты.

Зобенко мұндай цифрлық жүйені Батыс Еуропа елдерінің бірінен көрдім дейді. Қарапайым LED экран арқылы қашықты жақындатып, алыстағы ағайынды жүздестіру ойын туған жерінде жүзеге асыруға бел шешкен.

Геннадий Зобенко, кәсіпкер:

- Бір қызығы, бұл камера сізді түсіріп тұрғанымен экраннан өзіңізді көре алмайсыз. Бұл жерде тұрып Нұр-Сұлтан қаласының бір бөлшегін ғана бақылауға болады. Ал экранның арғы бетіндегі жандар Ақтөбені көреді. Дыбыстың да қажеті жоқ. Себебі бұл жерге келген адам дәл қазіргі сәтті, бейнені, тіпті уақыттың байланысын сезінеді деп ойлаймын. 

Жаңа байланыс құралының тиімділігіне бірінші боп жастар көз жеткізді. Ақтөбенің белсенділері алдағы уақытта еліміздің бас қаласындағы әріптестерімен түрлі тың жобаны жүзеге асыруға ниетті.

Зүлфия Набиулина, қала тұрғыны:

- Қазір технологиялар – заман талабы. Яғни бәріміз онлайн платформада жұмыс істеп, сол салаға бейімделуіміз керек. Ал бұл тікелей, тірі байланыс деп айтсақ артық болмайды. Сондықтан өте жақсы дүние ден есептеймін.

Онлайн порталдың тиімді тұстарын дәл қазір астанада жүрген ақтөбеліктер де атап өтуде. Алғашқы кездесуге келген бір топ жан мың жарым шақырым қашықтықты санаулы сәтте артта тастап, сәлемін жеткізді. 

Қанат Айтбаев, әнші, композитор:

- Цифрландыру заманында дүниенің барлығы өте жақын болып кетті. Туған қаламыз Ақтөбе алақандай жерде тұр. Енді осы жерге күнде келіп, туған-туысқандарымызбен, достарымызбен жүздесейік деп тура айтуға мүмкіндік болып тұр.

Цифрлық портал тәулік бойы үздіксіз қызмет етеді. Жоба авторы Геннадий Зобенко мұндай байланыс түрі еліміздің өзге де қалаларына орнатылғанын қалайды. Сонда барлық облыс орталығын елордадан онлайн бақылауға мүмкіндік туады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков