Хабар телеарнасы

Қарағанды шахтасындағы апаттың себебі мен салдары қандай?

Бұл туралы Абай ауданының әкімдігі таратқан ақпаратта белгілі болды.

Еске салсақ, Қарағанды облысының «Абай» шахтасында метанның ауаға таралуы салдарынан 6 кенші уланып опат болған еді. Төтенше жағдай министрі қайғылы оқиға болған жерде метан концентратының көрсеткіші 41%-ке дейін жеткенін айтқан болатын.

Кеше таңғы сағат 8-де «Абай» шахтасының кеншілері әдеттегідей жұмысына келген. Құрамында 64 адам бар алғашқы бригада жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кенжарға түседі. Араға 24 минут салып, арнайы қызметке метанның шамадан тыс таралғаны туралы дабыл келеді.

Александр Чернышов, кенші:

- Біз дәл осы бөлімде жұмыс істейтінбіз. Бүгін менің демалыс күнім еді, ести салып, бірден келіп тұрмын. Әріптестеріміз жақсы танитын адамдарымыз еді. Көбісі ­– жас, 30 жастан енді асқандар. Ішкі жан-дүнием алай-дүлей болып тұр.

Оқиға орнына құтқарушылар түскенде, екі кеншінің тірі екені мәлім болды. Олар шұғыл ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.Үкіметтік комиссия жасақталды. Оны Төтенше жағдайлар министрі басқарады. Алғашқы нұсқа: «апат – техногендік сипатқа ие» – ­ дегенге саяды.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Жасақталған комиссия жұмысына кірісті. Барлық тергеу амалдары жүреді. Адам өлімі болғандықтан, қылмыстық іс қозғалды. Мен бұл қайғылы оқиғада төтенше жағдайға жол бергендердің еш бірі жазасыз қалмайтынын айтқым келеді. Қанша уақыт қажет болса, сонша мұқият тексеру жұмыстары жүреді.

Қайғылы жағдай болған жерге құтқарушылар түскенде, дачиктер метанның шамадан 41%-ке дейін артық болып тұрғанын көрсеткен. Онда аталған учаскені газдан тазарту жұмыстары жүргізілді. Апаттық кенжарда тау-кен қалдықтары 20 метрге дейін атқылаған.

Геннадий Силинский, Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметі ҚОФ директоры:

- Газ мөлшері өте көп болды. Мұнда қызмет еткен кеншілер респираторын киіп үлгермей қалған деп ойлаймын. Барлығы кенжардың аузына қарай, таза ауаға шықпақ болған. Алайда орта жолда тұншығып, жан тапсырған. Апаттық жағдайда киетін масканы тағып үлгермеген.

Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жансақтау бөлімінде жатқан екі кеншінің токсикологиялық бөлімге ауыстырылғанын хабарлады. «Енді олардың өміріне қауіп жоқ», – деді мамандар.

Ерік Шонбаев, Х. Мақажанов атындағы облыстық Травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі:

- Қазір науқастардың жағдайы орташа тұрақты. Ем-домның нәтижесінде беті бері қарады. Енді емді жалғастыру үшін токсикологиялық бөлімге ауыстырылды.

Ал кеншілердің артында кәмелетке толмаған 2 бала жетім қалды. «Арселормиттал Теміртау» АҚ өкілдері қара жамылған жанұяларға өтемақы төленетінін айтты.

Әлішер Әбенов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры:

- Балаларының оқуы бойынша бізде 23-жасқа дейін ЖОО-да күндізгі оқу бөлімінің қаржысын төлеп беру бойынша міндеттеме бар. Ол шығынды компания өз мойнына алады. Бұдан бөлек, кеншілердің несиесін де жауып береміз. Ал баспанаға келсек, қаза болған кеншілердің барлығының басында үйі болған. Сондықтан бұл сұрақ тағы да қосымша қаралатын болады.

Атап өткен жөн, бұл «Абай» шахтасындағы алғашқы апат емес. 2008 жылы да метан жарылып, салдарынан 30 адам көз жұмған еді. Комбинат қауіпсіздікке айрықша көңіл бөліп, 85 млн доллар қаражат бөлдік дегенімен, іс жүзінде адам өміріне араша түсе алмай отыр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков